Қазақстанда өнім қауіпсіздігі толық тексерілмей ел аумағына әкелінетін жалған сертификаттар мен сәйкестік декларацияларына бақылау күшейтілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, мұндай заңбұзушылықтардың басым бөлігі Қырғыз Республикасында рәсімделген құжаттарға қатысты.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымовтың айтуынша, мәселе жүйелі сипат алып, тұтынушылардың қауіпсіздігіне де, нарықтағы адал бәсекелестікке де тікелей әсер етіп отыр.
«Кейбір құжаттар өнімге қажетті сынақ жүргізілместен берілген. Бірқатар жағдайда сертификаттар тауарды нақты тексерусіз, қашықтан рәсімделген. Мұндай құжаттар Қазақстан нарығына өнімді ұзақ уақыт бойы бақылаусыз әкелуге мүмкіндік берген», – деді Бауыржан Қасымов.
Комитеттің дерегіне сәйкес, бүгінде Қазақстан ЕАЭО елдері берген 1 113 сәйкестік сертификаты мен декларациясының күшін жойды. Оның ішінде 742 құжат, яғни заңбұзушылықтардың ең көп үлесі Қырғызстанға тиесілі. Салыстырмалы түрде Ресей бойынша 244, Беларусь бойынша 11 заңбұзушылық анықталған.
Мәселе тек формалды сәйкессіздіктермен шектелмейді. Тексеру барысында мамандар қауіпсіздік талаптары мен таңбалау нормалары бұзылған өнімдерді анықтаған. Кейбір азық-түлік өнімдерінен ішек таяқшалары тобына жататын бактериялар мен жекелеген тағамдық қоспалардың рұқсат етілген мөлшерден артық екені белгілі болды. Сонымен қатар бірқатар тауарлар өндірілген күні мен сақтау шарттары көрсетілмей сатылған.
Комитет мәліметінше, бұған дейін Қырғызстандағы жекелеген сертификаттау органдары арқылы өнім қауіпсіздігі нақты расталмай-ақ декларациялар жаппай рәсімделіп келген. Қазақстан тарапы араласқаннан кейін бұл бағыттағы жағдай өзгере бастаған.
«Біз қырғыз әріптестерімізбен бірлесіп, осы саладағы тәртіпті күшейту бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Қырғызстан заңнамаға өзгерістер енгізіп, декларацияларды тіркеу функциясын мемлекеттік ұйымға берді. Бұл құжаттарды заңсыз рәсімдеу мүмкіндігін айтарлықтай қысқартты», – деді Бауыржан Қасымов.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің материалдары негізінде Қырғыз тарапы сәйкестікті растау жөніндегі сегіз органның аккредиттеу аттестатын жойды. Аталған ұйымдар ЕАЭО-ның Бірыңғай тізілімінен шығарылды.
Сонымен қатар Қазақстан ішкі бақылауды да күшейтіп жатыр. Сәйкестікті бағалау рәсімдерінің барлығы «Е-КТРМ» жүйесі арқылы цифрландырылған. Ал мемлекеттік кірістер органдары тауарларды кедендік рәсімдеу кезінде құжаттарды тексеру талаптарын қатаңдатты.
Міндетті рәсімдерден өтпей-ақ сертификат рәсімдеуді ұсынатын интернет-ресурстарды бұғаттау жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта Қазақстанда осындай 76 сайт бұғатталған.
Соңғы жағдайлардың бірі Шымкент қаласында тіркелді. Германиядан шоколад глазурін әкелу кезінде мамандар Қырғызстанда рәсімделген, алайда ЕАЭО-ның Бірыңғай тізілімінде тіркелмеген сәйкестік декларациясын анықтады. Тексеру нәтижесінде аталған құжаттың күші жойылды.
