Тараптар алдағы миссия екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтудегі маңызды қадам болатынын атап өтті.
Қазақстан мен Нидерланд арасындағы сауда байланысы жаңа деңгейге шығуы мүмкін
291
оқылды

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нико Шермерспен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы биылғы маусым айына жоспарланып отырған Қазақстанның Нидерландыға алғашқы сауда-экономикалық миссиясына дайындық мәселесі болды. Тараптар алдағы миссия екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтудегі маңызды қадам болатынын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанда екі елдің бизнес қауымдастықтары мен салалық компанияларының қатысуымен екіжақты бизнес-форум өткізу жоспары да талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Нидерланд арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Әсіресе, инвестициялық әріптестік, логистика, агроөнеркәсіптік кешен және цифрлық экономика салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Арман Шаққалиев Нидерландының Қазақстанның Еуропадағы негізгі әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екіжақты қатынастар сауда және инвестиция бағыттарында тұрақты оң динамика көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 6,3 млрд АҚШ долларына жетіп, 11%-дан астам өскен. Ал Қазақстанның Нидерландыға экспорты 5,9 млрд АҚШ долларынан асты.

Келіссөздер барысында практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілді. Қазақстан тарапы агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, Азия мен Еуропаны байланыстыратын заманауи логистикалық бағыттарды дамыту, сондай-ақ қазақстандық өнімдерді еуропалық нарыққа ілгерілету бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жоғары әлеует бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар тараптар екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, алдағы сауда-экономикалық миссия жаңа серіктестік байланыстар орнатуға, бірлескен жобаларды талқылауға және қазақстандық компаниялардың Нидерланд нарығындағы қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін растады. Сондай-ақ Қазақстанның Нидерландқа алғашқы сауда-экономикалық миссиясы екіжақты сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ іскерлік байланыстарды нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.