Көкшетауда тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында көлік тротуарға шығып кетіп, кішкентай қызды қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы 19 мамыр күні облыс орталығында тіркелген. Оқиға болған жерге патрульдік полиция экипажы мен жедел жәрдем қызметі дереу жеткен.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқыс оқиға кезінде бүлдіршін анасының жанында тротуарда тұрған. Көлік кенеттен жол жиегінен шығып кетіп, қыз баланы қағып кеткен.
Салдарынан кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алған. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін бүлдіршін үйіне жіберілген.
– Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты қажетті материалдар жиналды. Көлік жүргізушісі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Баланың ата-анасы жүргізушіге қатысты шағымданудан бас тартты, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Соңғы уақытта Көкшетауда жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары жиілеп барады. Күні кеше ғана "Сарыарқа" шағынауданында көлік әйел адамды қағып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмған еді. Бұл жағдай қала тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр.
Тұрғындар әсіресе аулалар мен жаяу жүргіншілер аймақтарында көлік қозғалысын қатаң бақылауға алуды талап етуде.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
