Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үл­гісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөз сөйледі.
Ұлт ұйытқысы – ұлық ұлыс
88
оқылды

Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шы­ғыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. 

– Құрметті жиынға қатысушылар! Бар­шаңызға Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. Ең алдымен, Астанаға арнайы келген қадірлі меймандарға шы­найы ризашылығымды білдіремін. Ме­нің алдымда сөз сөйлеген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйым­дардың өкілдеріне алғыс айтамын. Сөздеріңіз мағыналы, мазмұнды болды.

Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өрке­ниет­тердің дамуына, мемлекеттердің қа­лып­тасуына ерекше ықпал еткен аса ірі сая­си құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көп­теген іргелі зерттеуге арқау болғаны анық.

Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды. Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бір­лесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғас­тыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы, – деді Президент.

МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Мемлекет басшысы осы тұста Қазақ­стан­ның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашы­лығын жеткізді. 

– Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріп­тестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз.

Симпозиумның осындай беделді жаһан­­дық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұра­сының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді. Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр.

Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қол­дауы­мен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглиф­тері, сондай-ақ бірнеше көне қала бү­кілә­лем­дік мұралар тізіміне енді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сонымен қатар ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүр­гі­зілгенін атап өтті. 

– Мәселен, былтыр ғана «Хандар ше­жіре­сі» деп аталатын бірегей қолжазба әлем­­дік деңгейде мойындалды. Бұл – ел би­ле­ген тұлғалар туралы мәліметтерді топ­тастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа.

Симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдері­нің басын қосып отыр. Бұл – өте маңызды. Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты ін­дете зерттеген ресейлік ғалымдардың рө­­лін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жи­­нады. Сонымен қатар Алтын Орда та­қыры­бы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шек­теліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қыр­­ғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бір­­қатар Еуропа елдері зерттеушілерінің на­зарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кет­ті десек болады.

Түптеп келгенде, Алтын Орда жыл­нама­сы – адамзатқа ортақ тарих. Бүгін өтіп жат­қан бірегей симпозиум әлемдік ауқым­дағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп сенемін. Осы жерде отырған ғалымдар мен са­рапшылар бұл міндетті іске асыруға елеулі үлес қосуда. Бұл маңызды жұмыста сіз­­дер оң нәтижеге қол жеткізесіздер деп се­немін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміз Алтын Орда тарихын әлем­дік жылнаманың күрделі, сан салалы ке­зеңі ретінде қарастыратынын айтты. 

– Өйткені бұған атүсті қарауға болмайды. Олай болған жағдайда әлемдік тарихта­ғы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұс­таным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен ха­­лықтар арасындағы қарым-қатынасқа сы­­зат түсіруі мүмкін. Өкінішке қарай, әлем­­дік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі.

Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диа­лог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән бер­ген жөн.

Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тар­­лан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазірге дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі. Мұндай көріністің қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс жә­не бейбітшілік» романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемдік қоғамдас­тық тарихи жолайрықта тұрғанын атап өтті. Өркениетті таңдау алдындағы сын­дар­лы сәтте ортақ тарихымызды халық­тарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс. Бұл орайда тарихқа әділ әрі саяси тұрғыдан бейтарап баға беру маңызды. 

– «Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн. Яғни, жеңімпаздарды жаз­­ғыруға болмайды, әлем тарихының төрінен орын алып, зерттеушілердің мақ­тау-мадағына ие болады. Ал шағын және орта мемлекеттер, соның ішінде май­данда жеңіліс тапқан елдер тарихтың тасасында қалады.

Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көр­­сетіп, қуатты дала империяларын «мем­­лекет деңгейіне жете алмаған» деп тө­мендететін ескі догмалар мен қасаң көз­қарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті. Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеу­ден аулақпыз. Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейді. Кереғарлықтар мен ке­дергілерге толы бай тарихымызды бір­жақ­ты түсіндіруге қойылатын талап ғы­лымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкелетін тұйыққа тірейді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби тарих­шы­лар қауымдастығында «жұмсақ күш» пен ғылыми дипломатияның өкілдері де барын атап өтті. Олар саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр. 

– Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі, сонымен бірге біз бұл кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастырамыз. Көптеген халықтың тарихи жадында реформаторлар мен көрнекті ойшылдардың қалыпты тіршілігіне қарағанда, билеушілердің жорығы мен дарынды қолбасшылардың ер­лік­тері сақталатынын жоғарыда айтып өттім.

Расында, соғыстардағы аңызға айнал­ған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдық­тар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды. Оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мы­сал бола алады. Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы да­ланың, әсіресе Алтын Орданың күр­делі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне са­лып, тарихи шындықтан алыстатады, оқи­ғаларды көмескілендіре түседі, – деді Мемлекет басшысы.

ТАРИХТЫ ПАЙЫМДАУ – ҒЫЛЫМНЫҢ МҰРАТЫ

Президенттің сөзінше, қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеу үде­рістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. 

– Бүгінгі жиында аталған кезеңді зерттеп жүрген беделді ғалымдар бас қосып отыр. Осы орайда Алтын Орда тарихын пайым­дау перспективасын кеңейтуге кө­мектесетін бірқатар ғылыми ізденіске бай­ланысты өз ойымды қысқаша жеткізгім келеді.

Біріншісі, зияткерлік мұраны зерделеу. Алтын Орда феноменін мыңдаған жыл бойы Еуразия жүрегінде қалыптасқан бай интеллектуалдық кеңістіктен бөліп қарай алмаймыз. Орта ғасырларда Ұлы дала озық идеяларды ұсынған әлемдік орталықтардың біріне айналғаны мәлім.

Орталық Еуразиядағы көшпелілер тіршілігінен, түркі-моңғол мұраларынан, ислам дәстүрлерінен және христиан қауымдастығына жататын халықтардың дү­ниетанымдық қағидаттарынан нәр ал­ған ақыл-ойдың құнарлы топырақта қанат жаюы заңды еді. Бұл идеялар эволюциясы үздіксіз жүрген кезең еді. Әр ғасыр Ұлы даланың ақыл-ой кенін байытып, жаңа құндылықпен толықтырып отырды, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы терең сабақ­тас­тықты түйсінбейінше, Алтын Орданың өркендеу сырын объективті бағалау қиын екенін айтты. 

– Әлбетте, бұл орайда Алтын Орданың негізі қаланғанға дейінгі кезеңдерде өмір сүрген әйгілі ойшылдардың ғылыми, фило­софиялық, әдеби мұраларының мән-маңызы зор.

Ең алдымен, тарихта Аристотельден кейін­гі «Екінші ұстаз» атымен мәлім әлем­дік философияның негізін қалаушылардың бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидің орны ерек­ше. Ол «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әділдіктен айнымау, білімге құштарлық және адамгершілік қасиеттерді шыңдау арқылы баршаға бірдей игілікке қол жеткізуге болатынын жан-жақты айтқан. Оның ойлары түрік, мұсылман әлеміндегі кейінгі саяси-философиялық дәстүрлерді түсінуге маңызды бағдар болды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Ұлы даланың зияткерлік мұрасында ғұлама Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы дараланып көрінеді. Ол жалпыға ортақ мұсылман құндылықтары мен жергілікті рухани дәстүрлерді үйлестірген «түркілік исламның» бастауында тұрды. Шын мәнінде, ол Ұлы дала халықтарына қазіргі дүниетанымымыздың өзегіне айналған мүлдем жаңа идеологиялық доктрина ұсынды. 

– Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мә­­дени коды. Ал ғұламаның Түркістанда­ғы кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкілә­лем­дік мұралар тізіміне енген нысан. Түркіс­тан шаһары ғасырлар бойы өңірдің басты рухани және саяси орталығы болды. Қазір ол түркі дүниесінің қасиетті қара шаңырағы саналады.

Әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ой­шылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық. Мәселен, түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен да­ланың санғасырлық даналығы дәл осы ке­зеңде бір-бірімен біте қайнасып, идеологиялық тұрғыдан ауқымы кеңейді. Бұл Алтын Орда кезеңінің әдебиетінде көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнері қанат жайған кезең ретінде бағаланды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент халқымыз үшін Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан» күйінің символдық мәні зор екенін жет­кізді. Биыл күйдің шыққанына 800 жыл толады. Бұл аңыз – домбыраның ша­на­ғынан шыққан Ұлы даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы. 

– Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз және Доспамбет секілді жыраулардың мұрасы біздің аймаққа тән дәстүрлі өнер жанрында бүгінге дейін жеткені кездейсоқ емес. Сол кезеңдегі жырларда (ер Едіге, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын) батырлардың ерлік жолы мен тарихи оқиғалар тізбегі жиі баяндалады. Бұл – қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ және басқа да халықтардың ортақ қазынасы.

Осы зияткерлік және рухани сабақтас­тық сан ғасырларды көктей өтіп, хакім Абай­дың шығармаларынан көрініс тапты. Ұлы ойшыл «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы кемеңгер тұлға тәрбиелеудің фор­муласын ұсынды. Оның өзегінде «нұр­лы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» үш­­­­тағаны тұр.

Сондықтан Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды. Осы­нау рухани қазынаның бүкіл әлем үшін мән-маңызы зор. Бұл – біртұтас философиялық, идеологиялық мұра. Қазақстан осы идеялық құндылықтарды бағдар етуге және оны жан-жақты дәріптеуге ниетті. Сол үшін Al-Farabi, Qoja Ahmet Yasaui ор­ден­дерін мемлекеттік марапаттар тізіміне енгіздік. Бұл жоғары наградалар ғылым мен руханиятты дамытуға айрықша үлес қосқан тұлғаларға, соның ішінде шетелдік ғалымдарға, саяси және қоғам қайраткерлеріне табысталады, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы таяуда ғана елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Пре­зиденті Режеп Тайип Ердоған Qoja Ahmet Yasaui орденінің тұңғыш иегері атан­ғанын баяндады. Осылайша, еліміз тарихи тағдыры ортақ туысқан халықтардың келешегі жолындағы ақыл-ой еңбегі мен ырысты ынтымақтың маңызды екенін айрықша атап көрсетеді. 

– Екінші маңызды мәселе, меніңше, Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет. Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойын­ша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империя­ның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді.

Жошы ұрпақтары Хань немесе Габс­бург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымға билік жүргізді. Бұл Жошы ханның ұрпақ­тары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның ар­қа­сында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты. Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз. 

– Бұдан бөлек, Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны тура­лы нақты тарихи деректер бар. Сондай-ақ Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті.

Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қал­ған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды. Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді.

Осылайша, ұтымды ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақтылық сақталды, мемлекет те өсіп-өркендеді. Ал­тын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Вати­канмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дип­ломатиялық байланыс орнатты. Жалпы, тарихта «Ұлы дүрбелең» деген атпен қал­ған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орда­ның мемлекеттік басқару жүйесі сыр бер­ген жоқ, яғни тұрақтылығын сақтап қал­ды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа алға­ны баршаңызға мәлім, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент үшінші өзекті мәселе ретінде Алтын Орданың экономикалық құры­лы­мын жан-жақты зерттеген жөн екенін айтты. Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті. 

– Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қа­зақстанның солтүстігінде орналасқан Бо­тай жерінде адам баласы ең алғаш рет жыл­қыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға бол­ды. Атқа міну мәдениетімен қатар дала өр­кениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды.

Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі кө­лік, сауда және гуманитарлық байланыс­тар­ды бақылауда ұстап, салт атты көш­пенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді. Бұл орайда, көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық негіз бар. Түптеп келгенде, Ал­тын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қо­лөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, эко­номикасы дамыған ел ретінде қалыптасты. 

ДАЛА ӨРКЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫ

Көптеген беделді ғалымның пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашы­лып жатыр. Археологтар осы кезге дейін бей­мәлім болып келген ондаған тиын са­райын тапты. Мамандардың айтуынша, на­ғыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада ша­ма­мен 28 миллион күміс тиын соғылған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір мемлекеттік және же­ке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жететінін айт­ты. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғым­нан тараған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең-байтақ айма­ғы­мызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көр­се­тетін нақты дәлел. 

– Алтын Орда Ұлы Жібек жолының сол­түстік тармағын түгел бақылауда ұстап, да­ланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде да­мытты. Жошы Ұлысының аумағы ар­қы­лы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты. Атап айтқанда, Қытайдан – жібек, Үндістаннан – дәмдеуіштер, Ресей жерінен – тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен  қолөнер бұйымдары тасымалданды.

Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мем­лекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік бол­ды.  Бұл ұстаным қалалардың тұрпатынан да анық байқалды. Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қор­шап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қар­қынды сауда орталығы ретінде адам­дардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала ара­сын­да қақтығыстар толастамады деген аңыз-әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ға­сырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үл­гісі­нің негізін қалады, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алтын Орда дәуірінен қалған қалалардың материалдық-мәдени мұралары – соның айқын көрінісі. Ғалымдардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған. Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін озық инженерлік тәсілдер қолданылды. Мұны түрлі археологиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады. 

– Сол замандағы өндіріс пен құрылыс­тың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аң­ғаруға болады. Еуразияның түк­пір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды. Сол арқылы бү­кіл аймақтың өсіп-өркендеуіне жол аш­ты.

Әрине, мен ұсынған зерттеу бағыттары­мен шектеліп қалуға болмайды. Мен сіздер секілді көне дәуірді зерттеп жүрген тарихшы-ғалым емеспін. Қазір Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұр­ғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл – осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге сеп­ті­гін тигізетін бағдар ғана, – деді Прези­дент.

Мемлекет басшысы Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиім­ді басқару институттары мен дамыған эко­номикасы болғанын жеткізді. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды. Бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, сондай-ақ Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсіну үшін қажет. 

– Баршаңызға белгілі, Қазақстан кейін­гі жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатыр. Мұның еліміз үшін аса маңызды және өте жауапты қадам екені сөзсіз. Сондықтан біз алдымызда тұрған мін­детті де жақсы түсінеміз: сана өзгермей, қоғам да жаң­ғырмайды, мемлекет те өркендемейді. Бұл – ақиқат.

Соның ішінде тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті. Онсыз ешқандай даму болмайтыны анық. Өткенге құр­метпен қарамасақ, жарқын болашаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қа­рай нық сеніммен қадам басамыз, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент жалпыұлттық референдум­да қабылданған жаңа Конституцияда мың­даған жылға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілгеніне назар ау­дарды. 

– Өйткені біз – мемлекет ісінде «Мәң­гі­лік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың ті­келей мұрагеріміз. Алтын Орда мұрасы – ұшан-теңіз. Біз осы алып рухани, тарихи қазынаны ХХІ ғасырға бейімдеп, жаңғырту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Ме­­­нің бастамаммен Қазақстанда Жошы Ұлы­сын зерделеу институты құрылды. Бұл – осы та­қырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме. Қазір әзірленіп жатқан Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр.

Жошы Ұлысының мол тарихи-мәдени мұрасын жұрт жадында жаңғырту үшін фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып жатыр. Сондай-ақ спектакльдер де қойы­лып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер өткізілуде. Алайда Алтын Орданың мән-маңызын терең зерделеп, оның тарихи рөлін жан-жақты насихаттау үшін мүлде жаңа, яғни халықаралық ауқымдағы жұмыс істелуі қажет.

Мен жақында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсындым. Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, бас­па саласына қатысты іргелі бастамалар­ды қолға алу қажет, – деді Мемлекет бас­шысы.

ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ОЗЫҚ ЕЛДІҢ ДАҒДЫСЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жобалар, ең алдымен, академия­лық зерттеулерге арқа сүйеуі керек. Жаһан­дану, жаппай цифрландыру және жа­санды интеллект дәуірінде көшпенді­лік, яғни номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды. Бүгінде бұл ұғымның сипатын «цифрлық көшпенділердің» жасампаз ру­хы мен сарқылмас күш-қуатынан айқын көруге болады. 

– Әділдік, ашықтық және мәдениеттер диа­логы – Дала өркениетіне арқау болған құн­дылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақмерзімді дамуына ықпал етері сөз­сіз. Қазір бұл аймақ жаңа сипаттағы қай­та өрлеу, яғни ренессанс кезеңіне қа­дам басты деп айтуға болады.

Біз әлемдегі маңызды геосаяси және өр­кениет орталығы ретінде өз тарихи мис­сиямызды қайта жаңғырта бастадық. Бұл үдерісте халықтарымыздың, соның ішін­де, өскелең ұрпақтың теңдессіз рухы мен­ күш-қуаты шешуші рөл атқарады. Соның арқасында қазір біз алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді орындап келеміз.

Сондықтан ата-бабадан қалған мол мұра­ны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштас­тыру маңызды. Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру немесе кө­не­ні көк­сеу емес. Ескіліктің шырмауында қалу – надандық пен қараңғылыққа апаратын жол. Түп-тамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет. Біз осы қа­ғиданы терең түсіне отырып, жаңа Ата заң­да мәдени мұраларымызды сақтауға, бі­лім мен ғылымды, инновацияны дамытуға айрықша басымдық бердік. Бұл маңыз­ды жұмысты бастап та кеттік.

Мен бір апта бұрын Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу тура­лы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға белгілі, қазіргі заманауи технология өмірдің барлық саласына түбегейлі еніп, ауқымды өзгерістерге жол ашып жатыр. Бұл үрдіс адамзат болашағына тікелей ықпал етері анық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы озық технология күн сайын аса жоғары қарқынмен дамып жат­қанын сөз етті. Бұл – ХХІ ғасырдың ақи­қаты. 

– Біз мұны жақсы түсінеміз. Сондық­тан заман талабына тез бейімделе алатын зерделі ұрпақ тәрбиелеуге баса мән беріп отырмыз. Бұл бағытта көптеген бастаманы қолға алып жатырмыз.

Биыл тамызда елімізде ЮНЕСКО-ның қол­дауымен жасанды интеллект бойынша ха­лықаралық олимпиада өтеді. Аталған бі­лім додасына 100 елден келетін оқушылар мен студенттер қатыспақ. Бұған қоса, елімізде «Дүниежүзілік көшпенділер ойын­­дары», «Болашақ ойындары» сияқты біре­гей жобалар кеңінен дәріптелуде. Сон­дай-ақ осы жылы күзде Астанада тұңғыш рет AI Film фестивалі өткізілмек.

Біз жаңа цифрлық және көлік дәлізде­рін, мәліметтерді сақтау орталықтарын ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол арқылы Ұлы Жібек жолын жаңаша сипатта жаңғыртып, көне ғасырлардағы әйгілі кітапханалардың заманауи нұс­қасын ұсынуға мүмкіндік туады. Бұл, шын мәнінде, дәстүр мен жаңашылдық үйле­сім тапқан озық заманның көрінісі болмақ, – деп пайымдады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тарихтың дәрістері дамуға бет алған болашақпен үндескенде ғана өр­кендеу жолына түсетінімізді айтты. Бұл орайда, Алтын Орданың сан қилы тарихы мен тағдыры мемлекеттердің күш-қуаты түрлі мәдениеттерді нәтижелі гуманитарлық және саяси серіктестіктің бірыңғай жүйе­сіне біріктіре алуынан көрінетінін еске салды. 

– Осы стратегиялық бағытты ұстана отырып, Қазақстан түркі мемлекеттерінің ын­тымақтастығын белсенді түрде дамыту­ды, аймақ елдерінің экономикалық және тех­нологиялық әлеуетін нығайту үшін Еура­зия кеңістігіндегі өзара ықпалдастық идея­сын жан-жақты ілгерілетуді жан-жақ­ты қолдайды. Мысалы, 2025 жылы ШЫҰ саммитінде «ТрансАлтай диалогы» бас­тама­сын көтердім. Бұл идея Ресейдің «Ал­тай – түркілердің атақонысы» тұжырым­дамасымен үйлеседі.

Жалпы, тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды. Тарих халықтардың ара­сын жалғайтын алтын көпір ретінде әді­лет­ті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қа­­жет. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш бірік­­тіріп, бірлесе әрекет етуіміз қажет. Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық ай­рық­­ша рөл атқаратыны анық.

Бүгінгі жиында айтылатын салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар жаңа ғылыми еңбектерге, халықаралық жобалар мен экспедицияларға негіз болатыны сөзсіз. Біз бұл симпозиумды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сіздер алдағы уақытта да осы маңызды жұмысқа мол үлес қоса бересіздер деп ойлаймын. Баршаңыз­ға тағы да зор алғыс айтамын. Шын мә­нін­де, бүгінгі симпозиумның тарихи мәні айрықша. Осы маңызды жиынның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады. Бұл құжат Алтын Орданың тарихы мен мұрасын зерттеу жұмысына тың серпін береді деп сенемін. Еңбектеріңіз же­міс­ті болсын!, – деп түйіндеді Мемлекет бас­шысы. 

Басқосудан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тари­хына қатысты археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған экспозиция­ны аралап көрді.

Мемлекет басшысына 70 археология­лық және сәулеттік ескерткішті қамтитын интерактивті карта, соның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсі­ріл­ген фотосуреттер мен 3D-визуализация көрсетілді.

Көрмедегі негізгі жәдігерлердің бірі – дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалар ту­ралы генеалогиялық мәліметтерді қам­ти­тын «Хандар шежіресі» атты қолжазба. Со­нымен қатар Каталон атласы, жазба дерек­тер, теңгелер және тұрмыстық бұйым­дар бар. Жазба мұралар арасында 3 жар­лық, 4 дипломатиялық хат пен 21 қол­жаз­ба түпнұсқа және электронды форматта ұсынылған. Көрменің мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты насихаттау және оның ғылыми зерт­теу аясын кеңейту.

Осыдан соң Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азулені Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азуленің ЮНЕСКО Бас ди­рек­торы ретінде атқарған қызметіне жоғары баға берді.

– Сіздің парасатты әрі мықты басшы­лығыңызбен ЮНЕСКО диалог пен ынтымақтастық алаңы ретіндегі рөлін арттыра түсті. Жаһанда бағдарсыздық пен қақты­ғыс­тар белең алған кезде Сіз білім мен мәдениет бейбітшілікті нығайтатын маңыз­­ды құрал екенін ұдайы дәлелдеп келесіз. Еліміздің бай тарихи және мәдени мұраларына назар аудару арқылы өзара серіктестікті кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал еттіңіз, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азуле Қа­­зақстанның бірегей мәдени құнды­лық­тарын, тарихи ескерткіштерін, зияткерлік мұраларын сақтауға және олардың халы­қ­­­­­аралық деңгейде танылуына ерекше үлес қосқанын атап өтті.

– ЮНЕСКО-ның бастамалары мен бағ­дарламалары арқылы әлемдік қоғам­дас­тық Қазақстанның Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап, Ұлы даланың мәдени кеңіс­тігіне дейінгі қайталанбас мұраларымен таныс болды. Сондықтан Сізге Qoja Ahmet Yasaui орденін тапсыру – мен үшін зор мәртебе. Сіз Қазақстанға, әсіресе халқымыз үшін орны айрықша Ясауи кесенесіне қатысты үлкен іс атқардыңыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Мемлекет басшысына жо­ғары марапат тапсырғаны үшін алғыс айт­ты.

– Президент мырза, маған көрсеткен ай­рық­ша құрметіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Менің Қазақстанға алғашқы сапарым Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен тығыз байланысты. Бұл орынның тарихи ғана емес, рухани құндылығын терең се­зін­­дім. Сол себепті ұлы ойшыл атындағы ор­денмен марапатталғаныма қуаныштымын, – деді Одрэ Азуле. 

М.ТӨЛЕУ