Астанада ЮНЕСКО қамқорлығымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум жұмысын аяқтады.
Ел мұрасы жаңаша сараланды
106
оқылды

Дүбірлі жиынның екінші күнінде әлемнің әртүрлі елінен келген жетекші тарихшылар, археологтар, шығыстанушылар, генетиктер, деректанушылар және ортағасырлық Еуразияны зерттеушілер дипломатиялық дәстүрлер мен сауда-экономикалық байланыстардан бастап археологиялық жаңалықтар мен Ұлы дала халықтарының заманауи генетикалық зерттеулеріне дейінгі кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Негізгі секциялардың бірі Алтын Орда аймақтарының тарихына арналды. Оның аясында ғалымдар Алтын Орда кеңістігіндегі түрлі өңірдің тарихи даму ерекшеліктерін, ұлыстардың, қалалық орталықтар мен шет аймақтардың мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін қарастырды. Сонымен қатар Алтын Орданың ғасырлар бойы тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз еткен саяси, экономикалық және мәдени үдерістерге ерекше назар аударды.

Талқылаулардың елеулі бөлігі ортаға­сырлық мемлекеттің дипломатиялық мә­дениетіне арналды. Зерттеушілер елшілік тәжірибелерді, мемлекетаралық қатынас­тардың шарттық-құқықтық тетіктерін, вассалдық-сюзерендік байланыстар жүйесін, сондай-ақ Алтын Орданың ортағасырлық Еуразияның халықаралық саясатындағы орнын саралады. 

«Алтын Орда археологиясы және мәдени мұра нысандарын қорғау. Ұлы дала халық­тарының популяциялық генетика­сы­ның өзекті мәселелері» секциясы аясында Алтын Орда дәуіріне жататын ескерткіштер бойынша заманауи археологиялық зерт­теулердің нәти­желері, жаңа ғылыми олжалар мен оларды ин­тер­претациялаудың жаңа тәсілдері таныс­тырылды. Ғалымдар Ұлы дала халықтарының қазіргі этногенетикалық және популяциялық-генетикалық зерт­теулеріне де ерекше назар аударды. Пікір­таластар барысында ежелгі және заманауи ДНҚ талдауларының нәтижелері, генети­калық-генеалогиялық модельдер, көші-қон және этногенез үдерістері қарастырылды. Сарапшылар генетика, археология, тарих және деректану мәліметтерін ықпалдастыру Еуразия халықтарының шығу тегі мен т­а­ри­хи дамуын зерттеуде жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Алтын Орда деректануы. Алтын Орданың сауда-экономикалық жүйесі және нумизматика мәселелері» секциясында мемлекеттің сауда-экономикалық жүйесінің жұмыс істеу тетіктері, трансеуразиялық сауда жолдарының дамуы, қалалық эко­номика мен ортағасырлық дала мемлекетінің қаржы институттары талқыланды.

Қатысушыларға ақша айналымын, теңге сарайларының қызметін және Алтын Орданың Еуразия мемлекеттерімен эко­номикалық байланыстарының ауқымын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін ну­миз­матикалық зерттеулер ерекше қызығу­шылық тудырды. Сонымен қатар ғалымдар жазба, археология­лық, эпиграфикалық және картографиялық деректердің кең ауқымын, сондай-ақ оларды талдау мен ин­терпретациялаудың заманауи әдістерін қарастырды.

«Алтын Орда – Еуразиядағы көшпелі және отырықшы өркениеттер байланысының тарихи моделі» атты сессия барысында зерт­теушілер Алтын Орданы көшпелі мә­дениет дәстүрлерін, дала қоғамының мо­биль­дігін және саяси-экономикалық ұйым­дасудың дамыған формаларын біріктірген бірегей өркениеттік модель ретінде талқылады.

Қатысушылар Алтын Орда тәжірибесінің көшпелі өркениеттердің даму заңдылық­тарын түсіну, мәдениетаралық диалогты қалыптастыру және Шығыс пен Батыс арасындағы тарихи байланыстарды зерделеу тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар басқару, сауда, мә­дени алмасу және Ұлы дала кеңістігіндегі комму­ник­ациялар мәселелері де назарда болды.

Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми пікірталастардың жоғары деңгейін, ұсынылған зерттеулердің пәнаралық сипатын және Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі халық­аралық ынтымақтастықты одан әрі дамы­тудың маңызын атап өтті. Форум тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми тәсілдерді қал­ыптастыруға және әртүрлі елдердің зерттеу орталықтары мен ғалымдары ара­сындағы өзара байланысты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

Айгүл СЕЙІЛ