Алатау қаласында Қазақстандағы алғашқы әуетаксиі сынақтан өтті. Жоба сәтті жүзеге асса, кептелістен көз ашпайтын алматылықтар енді әуекөлігі арқылы қатынай бастауы мүмкін. Аэротаксимен Алматы әуежайынан Медеуге дейін небәрі 10 минутта жетуге болады.
Әуетакси Алатау аспанында
102
оқылды

eVTOL (electric Vertical Take-Off and Landing) атты электр қуаты арқылы тік ұшып-қонатын аппарат Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет көкке көтеріліп отыр. Әлем елдері «аэротакси» деп атап кеткен бұл технология енді Қазақстанға да жақындай түсті. Алатау аспанында қалықтаған әуетаксиі қытайлық Autoflight ком­паниясына тиесілі. Компанияның вице-президенті Келлен Се аэротакси толыққанды электр қуаты арқылы жұмыс істейтінін, сондықтан бұл эко­логиялық тұрғыда қауіпсіз екенін атап өтті. 

– Таныстырып отырған және алдағы уақытта қолданысқа шығуы мүмкін аэротакси модельдерінің қанат ұзындығы шамамен 15 метр болса, жалпы ұзындығы 11 метр, ал биіктігі 3 метр. Максималды ұшу салмағы 2 тоннаға жетеді. Аппарат тік қонып, көтерілуі үшін кемінде 30 шаршы метр болатын арнайы жабдықталған алаң қажет. Ал бүгін көкке ұшырылған модель пилотсыз режимде жұмыс істейді. Бұл аппарат негізінен тікұшаққа қарағанда әлдеқайда тыныш ұшады. Әуетаксиі арнайы әуежай мен ұзын ұшу жолағын қажет етпейді. Аэротакси сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен қозғалып, бір мәрте қуатталғаннан кейін 200 ша­қырымға дейінгі қашықтықты бағын­дыра алады, – деді Келлен Се.

Алғашқы жоба – алғашқы мүмкіндік

Аппарат бір мезетте 1 ұшқыш пен 4 жолаушыны тасымалдай алады. Prosperity моделі Lift-and-Cruise жүйесімен жұмыс істейтін 13 электр қозғалт­қышымен жабдықталған. Ең бастысы, аппарат атмосфераға көмірқышқыл газын бөлмейді. Жоғарыда атап өткендей, әуекөлігінің дыбыс күші де төменірек. Мысалы, жүк көлігінің шу деңгейі шамамен 80 децибел болса, жеңіл автокөлік 70 децибелге дейін дыбыс шығарады. Ал eVTOL ап­параты небәрі 65 децибел дыбыс таратады. Бұл – сауда ойын-сауық орталығындағы қалыпты дыбыс деңгейімен шамалас. Мамандардың айтуынша, аэротаксидің қауіпсіздік мәселесінe баса назар аударылған. VTOL жүйесіндегі барлық негізгі бөлшек бірнеше деңгейлі резервтік қорғаныс жүйесімен жабдықталған. 

– eVTOL аппараттарын тек жолаушы тасы­малына емес, жүк жеткізуге, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге және өрт сөндіру жұмысына да қолдануға болады. Болашақта бұл технология қала­аралық қатынастың маңызды бөлігіне айналады деп сенеміз. Алматының таулы аймақтарын ескерсек, аэротакси туристерді тау-шаңғысы курорттарына жылдам жеткізу үшін де өте ыңғайлы. Қазір мұндай жүйе Қытайдың Шыңжаң өңірінде қолданылып жатыр. Ал Алатаудағы жоба Қазақ­стандағы ғана емес, Орталық Азиядағы алғашқы жобалардың бірі ретінде жүзеге аспақ, – деді Autoflight компаниясының вице-президенті Келлен Се.

Қаржысы – 300 млн АҚШ доллары

Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатыр. Алатау қаласындағы қалалық әуе мобильділігін дамытуға шамамен 300 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы тартылған. Іс-шараны қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd компаниясы Қытай, Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ-тағы серіктестерімен бірлесіп ұйым­дастырды. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес Auto-Flight Prosperity аппараты бұл жолы жолаушыларсыз сынақтан өтті. Ал қонақтар мен қатысушылар де­мон­стра­циялық ұшуды арнайы бақылау алаңынан тамашалады. Сарапшылардың болжамына сүйен­сек, жоба сәтті іске асса, аэро­такси Қазақстанда 2028 жылға қарай қолданысқа берілуі мүмкін.  

– Алатау қаласы дәл қазір даму кезеңінде тұр. Жақында қаланың бас жоспары бекітілді. Қалада төмен биіктіктегі әуе экономикасының элементтері енгізіліп келеді. Атап айтқанда, дрондар арқылы жеткізу жүйесі мен электрлік аэротаксилерді пайдалану көзделген. Бүгінде авиациялық орган­дар, «Қазаэронавигация» және Қорғаныс министрлігімен бірлесіп әуе маршруттары әзірленіп жатыр. Негізгі мақсат – қауіпсіздікті толық қам­тамасыз ететін арнайы ұшу бағыттарын айқындау, – деді Alatau Advance Air Group Ltd жобасының менеджері Данияр Утеулин. 

Вертипорттың құрылысы басталды

Мамандардың сөзінше, eVTOL аппараттары вертипорттар арқылы ұшып-қонады. Вертипорт – зарядтау инфрақұрылымы мен заманауи навигациялық жүйелермен жабдықталған шағын алаң. Әдеттегі әуежайлардан басты айырмашылығы да сол, вертипорттарды қалалық ортаға тікелей енгізуге болады. Олар ғимарат шатырларына, жол инфрақұрылымына және бизнес-кластерлерге орналастырылады. Unmanned Airspace аналитика­лық платформасының болжамына сәйкес, 2029 жылға қарай әлемде 1 500-ден астам вертипорт салынуы мүмкін. Қазірдің өзінде Алматы облысын­дағы Алатау қаласында алғашқы вертипорттың құрылысы басталып кетті. Алдағы кезеңде Алатау қаласы, Алматы қаласы және Алматы облы­сы­ның туристік аймақтарында вертипорттар желісін салу жоспарланған. Жаңа маршруттар өңірдің негізгі көлік тораптарын байланыстырады.

Сондай-ақ іс-шара барысында Alatau Advance Air Group Ltd компаниясы AutoFlight-пен өзара түсіністік туралы меморандумға (MOU) қол қойды. Құжат V2000/V5000 сериясындағы 50 eVTOL аппаратын сатып алуды мақсат тұтады. Бұл – Қазақстандағы әуе мобильділігін дамытуға бағыт­талған маңызды қадамдардың бірі. Тараптар ел аумағында тек техниканы енгізумен шектелмей, толық экожүйе қалыптастыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде маркетинг, сату, оқыту, инфра­құрылым, жерүсті операциялары және техникалық қызмет көрсету (MRO) бағыттары бар. Сонымен бірге серіктестік аясында технология алмасу, ноу-хау және операциялық тәжірибе трансфері де қамтылған.

Ұшқышсыз басқарылатын «курьер» 

Жоба аясында жолаушыларға арналған аэро­таксимен қатар Қытайдың Keeta Drone және АҚШ-тың A2Z Drone Delivery компанияларының жүк жеткізуге арналған ұшқышсыз жүйелері ұсынылды. Сондай-ақ Korea Airports Corporation мен Shenzhen Urban Transportation Planning Center әзірлеген UATM цифрлық навигациялық плат­формасы таныстырылды. Мамандардың пікірінше, бұл үш бағыт біріге отырып, әлемдік индустрияда Low Altitude Economy, яғни төмен биіктіктегі экономика деп аталатын жаңа инфрақұрылымдық модельдің негізін қалыптастырады. Мамандар бұл жүйені әуе кеңістігін цифрлық басқарудың жаңа форматы ретінде бағалап отыр.

Сарапшылардың пайымынша, Urban Air Mobility бағыты алдағы онжылдықтарда жаһандық нарықтың ірі сегментіне айналуы ықтимал. Morgan Stanley болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай оның көлемі 1-1,5 трлн АҚШ долларына жетеді. Ал McKinsey & Company бұл саланы жаңа қалалық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырады. Инвестициялық динамика да бұл трендті растайды. 2016 жылы Advanced Air Mobility саласына салынған жеке инвестициялар шамамен 40 млн доллар болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,5 млрд доллардан асқан.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы