Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың ел тағдырына белсенді қатысуына кең мүмкіндік береді.
Конституциялық реформалар — Әділетті Қазақстанды нығайтудың маңызды қадамы
68
оқылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында конституциялық заң жобалары қаралып, қолдау тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сенат депутаты Амангелді Нұғманов қабылданған шешімдер елдегі демократиялық институттарды дамытуға, заң үстемдігін нығайтуға және Әділетті Қазақстан құруға бағытталған тарихи маңызы бар қадам екенін атап өтті.

- Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында мемлекетіміздің конституциялық негіздерін одан әрі нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға және Қазақстан Республикасы Конституциясының басты қағидаттарын тиімді іске асыруға бағытталған аса маңызды конституциялық заң жобалары қаралып, қолдау тапты.

Қабылданған шешімдер Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи маңызы зор қадамдардың бірі болып табылады. Себебі Конституциямыздың негізгі құндылықтары — адам және оның құқықтары мен бостандықтары, заң үстемдігі, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық әрдайым мемлекет саясатының өзегінде қала береді.

Әсіресе, Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне қатысты конституциялық негіздерді жетілдіру, өкілді органдардың мәртебесін нығайту, сайлау жүйесін дамыту, әкімшілік-аумақтық құрылымды жаңғырту және халықтық өкілдік институттарын күшейту мәселелері ел болашағы үшін ерекше маңызға ие. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың ел тағдырына белсенді қатысуына кең мүмкіндік береді.

Бүгінгі бірлескен отырыс Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформалардың дәйекті түрде жүзеге асып жатқанын және Парламенттің халық мүддесіне негізделген тұрақты даму жолын қамтамасыз етуге деген берік ұстанымын айқын көрсетті.

Қабылданған заңнамалық шешімдер Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық тұғырын одан әрі бекемдеп, мемлекетіміздің жаңғыруына, ел бірлігінің нығаюына және азаматтардың әл-ауқатының артуына берік негіз болады деп сенемін.

Конституцияның ең басты күші – оның халыққа адал қызмет етуінде, әділеттілікті орнықтыруында және Қазақстанның жарқын болашағына бағытталуында,-дейді Сенат депутаты А. Нұғманов.