Дәстүрлі өнер өкілдеріне арналған «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалады – Мемлекет басшысы

Президенттің айтуынша, мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады. 

Мемлекет басшысы дәстүрлі өнерді, әсіресе, жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажет деп санайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

– Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды. Осы орайда, мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым. Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді. Осы жоғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты өнер және мәдениет қайраткерлері марапатталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің айтуынша, мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады. 

– Еліміздің төл мәдениеті дүниежүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Халқымыз жақсы көретін әйгілі музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, бишілер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қазіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды. Қазақстанның шетелде кеңінен танылған медиа жобасы – Silk Way Star халықаралық ән байқауы. Бұл – заманауи мәдени дипломатияның бір үлгісі. Еліміз халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты айтарлықтай күшейтті. Ірі мәдени-ағарту жобалары белсенді түрде қолға алынып, ғылыми бастамалар көтерілуде. Бұл сан қырлы қазақ мәдениетін насихаттау бағытындағы дұрыс әрі қажетті іс. Бүгінгі кездесуіміз маңызды күннің қарсаңында өтуде. Мұның символдық мәні зор. 1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО-ның толық мүшесі атанды. Айтпақшы, осыдан 34 жыл бұрын, дәл сол күні министрдің орынбасары ретінде аталған беделді халықаралық ұйымның Париждегі штаб-пәтеріне барып, ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас директоры Федерико Майормен бірге осы тарихи оқиғаға қатысты құжатқа қол қойған едім. Содан бері еліміздің жиырмаға жуық материалдық және материалдық емес мұрасы, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізбелеріне енді. Бұл тізім алдағы уақытта ұлғая түседі. ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мен тиісті министрліктерге осындай міндет жүктелді, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Астанада Алтын Орда рөлін адамзат жылнамасының бірегей тарихи, мәдениет және өркениет жобасы ретінде ғылыми тұрғыдан объективті зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салып, аталған шараның мән-маңызына тоқталды.

– Мен шағын баяндамамда өз көзқарасымды жеткіздім. Оны білікті тарихшылар мен мәдениеттанушылардың, құқықтанушылардың Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістердің түрлі аспектісіне қатысты кәсіби талқысына салуға болады деп ойлаймын. Алайда бұл ақпаратты бұра тартатын сауатсыздарға қол емес. Маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтеді. Биылғы басқосу жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде тарихи-мәдени және деректі мұраны сақтау мәселесіне арналады. Біз – мәдениетіміз әралуан, бауырмал әрі кеңпейіл халықпыз. Еуразия кеңістігінде маңызды орын алатын және аталған субконтинентте жан-жақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға атсалысып жатқан прогрессивті, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін осы мәдени ерекшелікті жан-жақты дәріптеудің мәні зор. Сонымен қатар жастарымызды жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы қатаң, тіпті, қатігез бәсекелес ортада барынша табысқа жетуге қазірден бастап даярлауымыз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді Президент.