БҚО-да полицейлер далада адасып кеткен әйелді аман-есен тапты, - деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
20 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Сатым ауылы маңындағы далада болған оқиға жергілікті тұрғын үшін қиын сынаққа айналды. Мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан әйел бағытынан жаңылып, үйіне қайта орала алмаған.
Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 20:59-да қоңырау түсті. Ер адам анасының жоғалып кеткенін хабарлап, дереу көмек сұраған. Осыдан кейін іздестіру шаралары шұғыл түрде ұйымдастырылды.
Оқиға орнына Теректі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ТЖД бөлімшелері жұмылдырылды. Түнгі уақыт, кең дала аумағы және бағдардың болмауы іздеу жұмыстарын едәуір қиындатты. Соған қарамастан, аумақты тексеру таң атқанға дейін үздіксіз жалғасты.
Кейін анықталғандай, әйел түскі уақытта ұлын көру үшін далаға шыққан. Алайда жолынан адасып, түнді ашық аспан астында өткізуге мәжбүр болған. 21 мамыр күні таңертең жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер әйелді даладан тапты. Ол аман-есен үйіне жеткізілді, медициналық көмек қажет болмады.
Жоғалған әйел мен оның жақындары полиция қызметкерлеріне жедел әрі нәтижелі әрекеті, табандылығы және бейжай қарамағаны үшін алғыс білдірді.
Полиция азаматтарға далаға шығар алдында жақындарына бағытын алдын ала хабарлап, өзімен бірге қуаты толық телефон, су және байланыс құралдарын алуды ескертеді. Тіпті таныс жердің өзі бағыттан жаңылған жағдайда қауіпті болуы мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
