Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда бизнесті жабу рәсімін жеңілдетуге бағытталған жаңа API-сервисті іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Енді кәсіпкерлер қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті тек «Салық төлеуші кабинеті» арқылы ғана емес, сыртқы ақпараттық жүйелер көмегімен де жолдай алады.
Бұған дейін кәсіпкерлер бизнесті жабу үшін міндетті түрде арнайы веб-қосымшаға кіретін. Жаңа механизмнің арқасында бұл қызмет түрлі цифрлық платформаларға интеграцияланып, өтінішті сол жүйелерден шықпай-ақ беруге мүмкіндік туады.
Мысалы, кәсіпкер бухгалтерлік есеп жүргізетін немесе бизнесін басқаратын платформадан тікелей мемлекеттік жүйеге өтініш жолдай алады.
Сервис «Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі» негізінде жұмыс істейді. API сипаттамасы Smart Bridge мемлекеттік платформасында жарияланған.
Қазіргі таңда екі негізгі сервис қолжетімді:
- қызметті тоқтату туралы өтініш беру;
- өтініш мәртебесін бақылау.
Жаңа шешім кәсіпкерлер үшін бюрократиялық кедергілерді азайтып, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеделдетуге мүмкіндік береді.
