Депутаттар бірінші оқылымда экология мәселелеріне, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мен халықтың көші-қонына қатысты заң жобаларын қарайды.
Парламент депутаттары бастамашы болған экологиялық түзетулер саланы цифрландыруға, көміртекті офсетті регламенттеуге және қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар заң жобасында өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асыру, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметті жаңғырту және экологиялық бақылауды жақсарту көзделіп отыр.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат депутаттары бастамашы болды. Құжат техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін және көші-қон заңнамасын жетілдіруге бағытталған.
Екінші оқылымда Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес әзірленген Рейтингтік қызмет туралы заң жобасын талқылау жоспарланып отыр. Құжат Қазақстандағы рейтингтік қызметтің құқықтық базасын регламенттеп, жергілікті нарықты дамытуға жағдай жасайды. Жаңа нормалар рейтинг берілетін тұлғалар мен кредиттік рейтингтерді пайдаланушылардың құқығын және заңды мүддесін қорғауға, сондай-ақ кредиттік рейтинг агенттіктері қызметінің ашықтығын және тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Күн тәртібінің жобасына бірқатар халықаралық құжат бар. Олардың қатарында БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі арасындағы Қазақстанда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісім мен меморандум, сондай-ақ Өзбекстан Үкіметімен арадағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім бар. Бұдан бөлек, Мәжіліске Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстанның ескертпесі мен мәлімдемесін алып тастау туралы заң жобасын қарау ұсынылады.
Қорытынды әзірлеу үшін салалық комитетке Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Елшіліктердің мұқтаждықтары үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласындағы ғимараттар мен жер учаскелерін, Төтенше және өкілетті елшілердің резиденцияларын өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы үкіметаралық келісім жіберіледі.
