Мәулен Әшімбаев Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесуде әріптесін Ресей парламентаризмінің 120 жылдығымен құттықтап, екі ел арасында өзара құрмет пен бір-бірінің мүддесін ескеруге негізделген берік әрі тұрақты ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ресей Федерациясымен ынтымақтастықтың ауқымы өте кең, барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас екі ел Президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин арасындағы достық пен сенімге негізделген байланыстың арқасында жаңа сапаға көтеріліп, тың серпін алды. Осы ретте былтыр қараша айында Қазақстан Президентінің Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелі болғанын ерекше атап өткім келеді. Сол кезде Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойылуы сапардың негізгі нәтижесі болғаны анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен республикалық референдумның маңызына да тоқталып өтті.
«Біздің сапарымыз Қазақстандағы ауқымды саяси жаңғырулар кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазір еліміз институционалдық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа Конституция қабылдау жөніндегі бастамасын қолдап, дауыс берді. Жаңа Ата заңды қабылдаудағы басты мақсат – Қазақстанның мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігін одан әрі нығайту, сондай-ақ, елдің саяси жүйесін жаңғырту. Шын мәнінде, Конституция біздің болашағымыздың манифесіне, ұзақмерзімді даму бағдарын айқындайтын құжатқа айналып отыр», – деді Сенат Төрағасы.
Кездесу барысында парламентаралық байланысты одан әрі нығайту мәселелері де талқыланды. Тараптар 2025-2027 жылдарға арналған Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі практикалық іс-шаралар жоспарына назар аударды. Бұл құжат екі ел депутаттарының, соның ішінде Сенат пен Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық комиссиясы аясындағы жүйелі жұмыс арқылы дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді.
Өз кезегінде Валентина Матвиенко Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты арттыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
«Біз Қазақстандағы ауқымды жаңғыртуларды назарда ұстап келеміз. Қазақстан Президенті жүргізіп отырған реформалар құрметке лайық. Саяси және экономикалық реформалар өте кәсіби, демократиялық әрі байыпты түрде, ең бастысы, халықпен диалог негізінде жүзеге асырылуда. Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның нәтижесі Қазақстан халқы Президенттің бағдарын қолдайтынын айқын көрсетті. Сонымен қатар Қазақстанның парламенттік жүйесін ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын да білеміз. Біз жаңа жағдайда да тиімді өзара іс-қимылды сақтауға ниеттіміз және Құрылтайды қалыптастыруға қатысты барлық рәсім аяқталып, оның жұмысы басталғаннан кейін диалогты жалғастырудың жаңа тетіктерін жедел қалыптастырамыз деп сенеміз», – деді Валентина Матвиенко.
Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Валентина Матвиенко Мәулен Әшімбаевқа «Достық» орденін табыстады. Марапаттау рәсімінде Сенат Төрағасы бұл награда Қазақстан Парламентінің парламентаралық байланыстарды және Қазақстан – Ресей ынтымақтастығын дамыту жолындағы қызметіне берілген жоғары баға екенін айтты.
Сонымен қатар Қазақстан Президентінің Жарлығымен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Андрей Яцкин парламентаралық диалогты дамытуға және екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіру және халықаралық парламенттік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелерін талқылады.
Сапар кезінде Қазақстан Парламентінің депутаттары Кремль қабырғасындағы «Белгісіз жауынгер бейітіне» гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сапары Санкт-Петербург қаласында жалғасты. Қазақстан сенаторлары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына және мерейтойлық 60-пленарлық отырысына қатысты.
Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА Кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстан Парламенті дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған және республикалық референдумда азаматтар қолдау білдірген жаңа Конституцияны қабылдау аталған ауқымды жаңғырудың негізі екенін де жеткізді.
Сондай-ақ реформалардың жоғары легитимдігі мен халықаралық стандарттарға толық сәйкестігін шетелдік байқаушылар, оның ішінде ТМД ПАА-ның беделді миссиясы растағанына мән берді.
«Қазақстанда биылғы 15 наурызда жаңа Конституция қабылдау бойынша республикалық референдум өтті. Соның нәтижесінде азаматтарымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдің жаңа Ата заңын қабылдау жөніндегі бастамасын қолдады. Референдум мен дауыс беру үдерісі ашық, жария әрі халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылды. Дауыс беру барысын көптеген халықаралық байқаушы қадағалады. Солардың ішіндегі ең беделді топтардың бірі – ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар миссиясы екенін атап өткен жөн», – деді Сенат Төрағасы.
Палата Спикері құрамына 58 депутат пен сарапшы енген ТМД ПАА миссиясына сындарлы ұстанымы мен үдерісті тиімді үйлестіргені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан байқаушылардың жұмысын Достастық кеңістігіндегі сайлау үдерістерін жетілдіруге қосылған маңызды үлес деп бағалайтынын тілге тиек етті.
Ассамблеяның 60-пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Мәулен Әшімбаев 2026 жыл ТМД кеңістігі үшін ерекше символдық мәнге ие екенін айтты. Биыл желтоқсан айында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрудың саяси-құқықтық негізін қалаған, оның басты қағидаттарын айқындап, сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастыққа жол ашқан Алматы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толады.
«Алматы декларациясы бүкіл Еуразия кеңістігінде ынтымақтастықтың жаңа келбетінің қалыптасуына бастау болды. Былтырғы қазан айында Душанбеде өткен ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру», – деді. Осы орайда Достастық аясында сенім мен өзара құрметтің сақталып, нығая түсуі ерекше құндылық екені анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы ТМД ПАА қызметінің негізгі бағыттарына да тоқталып, модельдік заңнаманы дамыту маңызды басымдықтардың бірі екеніне назар аударды.
«Адам құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы модельдік заңнаманы дамыту – біздің өзара ықпалдастығымыздың маңызды бағыты. Қазақстан Парламенті Сенатының бастамасымен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» модельдік заң жобасы әзірленді. Адам құқықтарын қорғауға, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған маңызды заң жобасын әзірлеуге кәсіби тұрғыда атсалысып, диалогқа ашық болған барлық әріптеске шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, ТМД ПАА-ның пленарлық отырысында барлық қатысушы мемлекеттің қолдауының нәтижесінде Қазақстан бастамашы болған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды.
Сондай-ақ Ассамблея алаңында Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевпен кездесті. Кездесуде аймақаралық байланыстарды нығайту перспективалары талқыланды. Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолындағы оң тәжірибеге назар аударып, экономикалық, саяси және мәдени серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екендерін жеткізді.
Қазақстан Сенатының Төрағасы Түрікменстан Мәжілісінің Төрағасы Дуньягозель Гулмановамен де кездесті. Онда екі ел басшылары қол жеткізген келісімдердің іске асырылуын парламенттік деңгейде белсенді қамтамасыз етудің маңызы сөз болды. Әсіресе, денсаулық сақтау, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы бірлескен жобаларға баса мән берілді.
Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері, сондай-ақ көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Нақты айтқанда, сумен қамтамасыз ету, энергетика, экология, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және азық-түлік қауіпсіздігі секілді салаларды қолдаудың маңызы кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика кеңесінің Төрағасы Наталья Кочановамен, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрағасы Сагиба Гафаровамен және Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси намояндагон Төрағасы Файзали Идизодамен кездесті.
