Осыған орай Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2025-2026 оқу жылының аяқталуы: каникул кезеңінде балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру» тақырыбында ауқымды брифинг өтті.
16 мың бала мектеп бітіреді
Шымкентте өткен брифинг барысында жауапты сала өкілдері оқу жылының аяқталуы қарсаңында оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз демалысты ұйымдастыру бағытындағы кешенді шараларды таныстырды. Биыл мектеп бітіру іс-шараларына қойылатын талаптар күшейтіліп, бақылау тетіктері қатаңдатылды. Мамандардың айтуынша, басты мақсат балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, жазғы кезеңді алаңсыз әрі тәртіпке сай өткізу.
Брифингке Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева мен қалалық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Данабай Әлиев қатысып, оқу жылының қорытындылары мен алдағы жазғы кезеңдегі қауіпсіздік шаралары туралы жан-жақты мәлімет берді. Қазір Шымкент қаласындағы 291 білім беру ұйымында 277 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл 24 174 оқушы 9-сыныпты, ал 16 032 түлек 11-сыныпты тәмамдағалы отыр. Бұл – қаладағы білім беру жүйесінің ауқымын ғана емес, қауіпсіздік мәселесінің де қаншалықты өзекті екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Оқу-ағарту министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес, оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Осы күні барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылады. Танымдық әрі тәрбиелік мазмұндағы бұл шараларда оқушыларға білімнің қадірі, елге қызмет етудің маңызы, адал азамат болудың құндылықтары кеңінен насихатталмақ.
Даңғазаға жол берілмейді
Биыл мектеп бітіру рәсімдерін ұйымдастыру мәселесіне де айрықша назар аударылып отыр. Қалалық Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, аттестат тапсыру салтанаттары тек білім беру ұйымдарының аумағында өткізіледі. Артық даңғаза мен орынсыз сән-салтанатқа жол берілмейді. Әсіресе, мектеп бітіру кештерінде аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға, дастарқан жаюға, автокөлік шерулерін ұйымдастыруға және мұғалімдерге сыйлық алу мақсатында қаражат жинауға қатаң тыйым салынған. Бұл талаптардың барлығы ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Себебі соңғы жылдары мектеп бітіру кештеріндегі бақылаусыз серуендер, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, түнгі уақыттағы қауіпсіздік мәселелері қоғамда алаңдаушылық туғызғаны белгілі. Осыған байланысты биыл қала көлемінде қауіпсіздік шаралары бұрынғыдан да күшейтілмек.
Білім беру ұйымдарының басшыларына оқушылардың қауіпсіздігін бақылау, ата-аналар жиналыстарын өткізу, мектепішілік кезекшілікті ұйымдастыру және түлектердің кештен кейін үйіне аман-есен жетуін қадағалау міндеттелді. Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, адам көп шоғырланатын орындарда профилактикалық рейдтер жүргізіледі. Мамандардың пікірінше, басты мақсат оқу жылын жоғары деңгейде қорытындылап қана қоймай, балалардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу, құқықбұзушылықтарға жол бермеу және ата-ана жауапкершілігін арттыру.
«Алтын белгіге» үміткерлер саны еселеп артты
Брифинг барысында ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық мәселесі де кеңінен сөз болды. Биыл Шымкент қаласы бойынша 11-сыныпты тәмамдайтын 16 032 түлектің 10 287-сі, яғни 64,1 пайызы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Бұл жастардың жоғары білім алуға деген ұмтылысының жоғары екенін аңғартады. Тестілеу 12 маусым мен 10 шілде аралығында өтеді. Қалада талапкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында төрт аймақтық тестілеу орталығы дайындалған. Олар жоғары оқу орындары мен колледждердің ғимараттарында орналасады. Жауапты мамандар тестілеу кезінде академиялық адалдық талаптары қатаң сақталатынын, қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Биылғы оқу жылында үздік көрсеткішке үміткер оқушылар санының артуы да білім сапасының жақсарғанының айқын көрінісі. Ресми деректерге сәйкес, «Алтын белгіге» 786 оқушы үміткер. Сонымен бірге 11-сынып бойынша 1 123 түлек, 9-сынып бойынша 1 580 оқушы «Үздік» аттестаттан үмітті. Былтырғы жылмен салыстырғанда «Алтын белгіге» үміткерлер санының 136-ға артуы білімге деген ынта мен жауапкершіліктің күшейгенін көрсетеді. Алдағы күндері 9-сынып оқушылары төрт пәннен, 11-сынып түлектері бес пәннен қорытынды емтихан тапсырады. Білім саласының мамандары емтихандарды ұйымдастыру жұмыстары толық бақылауда екенін жеткізді.
Шындығында, бала қауіпсіздігі мектептің немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау, жолдағы, судағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрбір ата-ананың, ұстаздың және қоғам мүшесінің азаматтық парызы. Өйткені қауіпсіз ұрпақ елдің ертеңі. Ал саналы, білімді әрі аман ұрпақ тәрбиелеу мемлекет болашағына салынған ең берік инвестиция.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
