Сондай асыл жандардың бірі де бірегейі – қазақ елінің мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген, даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығы бүкіл Республика бойынша аталып өтуде.
Жазылбек ақсақалды халық ерекше еркелетіп, «Шопандардың атасы», «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деп атап кеткен. Ол орынды да. Бүкіл ғұмырын қой өсіруге, оның ішінде шөлді-шөлейтті аймаққа бейімделген әрі жерсінген қаракөл қой шаруашылығымен айналысқан ақсақал 1930-1980 жылдары шалғайдағы Мойынқұм ауданының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мерейін тасытты, оның даңқы тек Кеңестер одағына ғана емес, шетелдерге дейін жетіп жатты.
Жазылбек Қуанышбаев – 1896 жылы 29 наурызда Жамбыл облысының Көктерек ауылында туған. 1930 жылы облыста «Кеңес» мал серіктігі құрылғанда алғашқылардың бірі болып оның құрамына кіріп, қой бағады.
1936-1957 жылдары Көктерек, Айдарлы кеңшарларында аға шопан болып, қажырлы еңбек көрсетеді.
1936 жылы таңдаулы малшылар қатарында Алматыда ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады. Осы сапардан оралысымен, ол мал тұқымын асылдандыру жұмысына аса мән береді. Сол жылдары Қазақстанда қаракөл қой шаруашылығын дамыту жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қойымен будандастыру іс-шарасы жүргізіліп, оған алғашқылардың бірі болып, Жазекең өз үлесін қосады. Ұлы Отан соғысынан кейін тоқтап қалған бұл селекциялық-асылдандыру жұмысын қайтадан жалғастырып, жаңа қой тобы – құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсірумен айналысып, оған төл алу және оның елтірісінің сапасын жақсарту көрсеткіші бойынша жылдан-жылға жоғарғы нәтижелерге жетеді.
Нәтижесінде, ол 1947 жылы әр 100 саулықтан 130 қозы алып, осы еселі еңбектері үшін 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болады. Оның отарында өндірілген қаракөл елтірілері халықаралық жәрмеңкелерде, аукциондарда, атап айтқанда, Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк қалаларында өте жоғары бағаланады.
1957 жылы оның бағымындағы әр 100 қойдан 145 қозы алынып, республикадағы ең жоғары, рекордтық көрсеткішке ие болып, әр қойдан 3,3 килограмм жүн қырқылады. Осы үздік табысы үшін оған 1958 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
1957-1965 жылдары қаракөл қой шаруашылығын дамыту жолында еткен еңбегі республика және одақ көлеміндегі тәжірибе алаңына айналды.
1962 жылы заңды еңбек демалысына шықса да, 1965 жылы жаңа отар қабылдап алып, әр 100 саулықтан 152-ге дейін қозы өсіріп, өзінің осы саладағы көрсеткішін жаңартты.
1990 жылы қаракөл қойын өсіруге арналған шаруашылықтар саны 150-ден асып, жылына 2 млн дана қаракөл елтірісі дайындалып, қаракөл қойының басы 6 млн 200 мыңға жетті. Жазылбек Қуанышбаев Қазақстанда алғашқы мамандандырылған арнайы қаракөл шаруашылығын құрушылардың бірі әрі бірегейі болды.
Қаракөл қой шаруашылығында қалыптасқан сол кездегі жүйе бойынша мал басы негізінен мемлекет қарамағында болғанымен, оның сақталуына, өндірілген өнім көлеміне жауапты шопан мен оның отбасы болатын. Осы саладағы малшылар жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып, күндіз-түні мал басында демалыссыз еңбек етті. Атадан балаға кәсіп болған мал бағу тәсіліне жаз жайлауы мен қыс қыстауы төңірегінде күндіз-түні мал бағумен айналысуға бағытталған атакәсіп болатын. Әрине бұл кәсіпті жетік игерген Жазылбек Қуанышбаев ақсақал жас кезінен-ақ сонау өткен ғасырдың 30-жылдарының басынан бастап, өзінің жеке биік ой-өрісінің, мәдениетінің арқасында биікке өрлей білді, үнемі ізденіп, қаракөл шаруашылығының жаңалықтары мен ғылыми жетістіктерге бар күш-жігерін, ынта-ықыласын арнай отырып, осы салада 1937-1957 жылдары ең жоғары көрсеткіштерге жетті.
1936 жылы Мойынқұмда аса құрғақшылық болып, соңы жұтқа айналыпты. Қолдағы қыруар малды қалай сақтап қалу керек? Ол кезде қазіргідей мал азығын дайындамайды. Ашаршылықтан есін әрең жиған үкіметтен де, халықтан да қайран жоқ. Тірнектеп жиған бес-алты қапшық ұнын Құдай қосқан қосағы Жайшабала екеуі быламық етіп, әрбір қойды емізікпен азықтандырып, бүкіл отарды аман алып қалыпты. Мұндай жағдай қой шаруашылығы тарихында бірінші және соңғы рет болуы мүмкін. Бұл – жанкештілік еңбектің, атакәсіпке деген адалдықтың нағыз үлгісі емес пе?
Өмірдің ащы-тұщысын татып, шөлді-шөлдейтті аймаққа еңбекпен еленген Жазылбек ақсақалдың, одан үлгі алған қаншама ізбасарлары қаракөл қой шаруашылығын өркендетуге өз үлесін қосты. Әрине әйгілі майталман шопанның қойларды жыл мезгілдеріне қарай күтіп-бағу, жайылымдарды тиімді пайдалану, малдәрігерлік алғашқы емдік шараларын қолдану жөніндегі тәжірибесі, ақыл-кеңесі еліміздің әр өңірінде қаншама жас шопандарға үлгі болды.
Осылайша, тек қаракөл шаруашылығында еліміздің әр өңірінен еңбек ардагерлері, Социалистік Еңбек Ерлері шықты. Жазекең екі мәрте осы атаққа ие болса, оның жоралғы жолына түсіп, қатарласа жүре игі істі жарқырата жалғастырған Ділдаш Итбасова, Шолан Шәріпбаев, Құдайберген Біртаев Еңбек Ері атанып, алтын медаль тақты.
1962 жылы Қазақстанда қаракөл шаруашылығын ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, Шымкент қаласында Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырылып, еліміздің белгілі ғалымдары Хафиз Хайруллаұлы Маматқазин мен Миргаяс Әлімұлы Ширинский Жазылбек ақсақалмен ақылдасып, ой-пікір бөлісіп, оны шопан-селекционер атады. Осылайша, қазақтың қарапайым ақсақалы ғылым мен өндірісті алғашқы үйлестірушілердің бірі де болды. Міне, осылайша, сонау 1930 жылы шалғай қазақ жерінде еңбек жолын бастаған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев ақсақалдың игі істері тек өндірісте ғана емес, ғылымда да өз жалғасын тапты.
Мойынқұм ауданында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы шопандар мектебі ашылып, атақты майталман шопанның ұзақ жылдар бойы жинақтаған озат тәжірибесі жүзеге асырылды. Аудан көлемінде көптеген комсомол-жастар бригадасы құрылып, қой шаруашылығы, оның ішінде қаракөл елтірісін өркендету қанатын жайды. Жастардың алаңсыз жемісті еңбек етуіне, тұрмыстық және мәдени жағдайларының заман талабына сай болуына Жазекең бас-көз болып, үлкен жанашырлық көрсетті. Аталған ізгілікті игі іске сол жылдардағы Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков бастаған аудан басшылары үлкен үлес қосты.
Жыл сайын аудан орталығының маңайындағы «Тұлпарсазда» малшылардың слеті өтіп, оған Жазекеңнің өзі қатысып, нағыз еңбек мерекесіне айналушы еді. Еңбектері бағаланып, астарына «Жигули» жеңіл машинасын мінген ардагерлер арамызда сирек болса да әлі бар. Олар сол бір күндерді сағынышпен әңгіме етеді.
Үлкен мен кішіні ерекше құрметтейтін Жазекең тек мал бағуды ғана білмеген. Алдындағы отарының қат-қабат шаруашысының ығымен кейде елден шығандап шығып кетсе де, құлағын түрік ұстап, ел жайына елеңдеп отырған. Көкірек көзі ояу ақсақалымыз жалпының жұмысына, қоғам ісіне де белсене қатысты. Кезінде екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. КПСС Орталық Комитетінің ХХІ съезіне, Қазақстан Компартиясының ХІ съезіне делегат болып сайланып, сонымен қатар шопандардың одақтық және республикалық алқалы жиындарына қатысты.
Кейде бір адам мың адамның жасаған игі ісін жасайды. Жазылбек Қуанышбаев шын мәнінде елі, туған жері үшін туған азамат болатын. Ол екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланғанда, Мойынқұм ауданының әлеуметтік және мәдени саласының өркендеп, қанат жаюына үлкен үлес қосты. Сайлаушылардың аманаты бойынша Көктерек, Фурмановка ауылдарында Мәдениет үйі бой көтерді, бірнеше елді мекенде жаңа мектептер салынды. Аудан орталығы – Фурмановка ауылы көркейіп, қуаныш, бақыт мекеніне айналды. Сол кездері Алматыға, Жамбылға «ЯК-40» ұшағы қатынап, елдің мерейі өсті.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, майталман шопан, көрнекті қоғам қайраткері Жазылбек Қуанышбаев пен Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, КПСС Орталық Комитеті саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың достығын, сыйластығын мойынқұмдық ағайындар осы күнге дейін жыр етіп айтады.
Сөз орайы келгенде айта кететін бір жай – шопан кәсібінің білгірі, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың ел игілігі, халық ырысы үшін жасаған ерен ісі өз жалғасын тапты ма? Мені ветеринария саласының ғалымы, профессор, қой шаруашылығының жанашыры ретінде осы көкейтесті мәселе қатты толғандырады. Кең-байтақ Қазақстан жерінде қой шаруашылығын өркендетуге барлық мүмкіндік бар, тек ынта мен жігер, жанашырлық қажет. Бұл игі істің экономикалық және әлеуметтік маңызы өте зор. Біріншіден, атакәсіп – қой шаруашылығы өркендеп, еліміздің азық-түлік бағдарламасының дамуына лайықты үлес қосқан болар еді. Екіншіден, алтын бесігіміз – ауылдың бүгінгі қиын жағдайын түзеп, жұмыссыздық мәселесін шешуге деген оң қадам болар еді. Осы орайда облыс, аудан басшылары, қой шаруашылығының білікті мамандары батыл қадам жасап, игілікті істі қолға алса – ұтады, ұтылмайды. Бұл деген қой өсірудің майталманы Жазылбек Қуанышбаевтың аманатын жүзеге асыру болып табылады. Ерін қадір тұтып, қастерлеу, төбесіне көтеріп төрге шығару – қазақ халқының қашаннан қанына сіңген қасиет. Ал, жаз дидарлы Жазылбек атамыздың жөні тіпті бөлек. Сондықтан есімі алысқа аңыздай таралған ерен еңбегімен туған жұртының мәртебесін асырып, мерейін өсірген даңқты шопан, екі рет Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өнегелі өмірі, жасампаз еңбегі ХХІ ғасырдағы жаһандық бәсекелестік жағдайында шешуші фактор еңбек екенін атап көрсете отырып, қой шаруашылығын заманауи инновациялық негізде дамыту арқылы жастардың дүниетанымын қалыптастыруға үлкен бетбұрыс жасайтын болады. «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп данышпан халық айтпақшы, Жазекең бүкіл өмірін қой шаруашылығының өркендеуіне арнады, сол үшін жігерлі еңбек етті. Қазақ хандығының алғашқы іргетасы қаланған қасиетті, кең-байтақ Мойынқұм ауданында қой шаруашылығын өркендетіп, елдің ырысы мен берекесін арттыруға барлық мүмкіндік бар. Іргесін Жазекең, Жазылбек Қуанышбаев қалап кеткен шопандық кәсіптің, атакәсіптің жалғасын тауып, қанатын кеңге жаюына бәріміз бір адамдай тілектеспіз. Иә, жасампаз іс әрқашан да өз жалғасын табады.
Абылай САНСЫЗБАЙ,
Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі
