Іргелі білім ордасы осы уақыт ішінде халықаралық академиялық кеңістікте де беделі биік, болашаққа бағыт сілтеген іргелі университет ретінде танылып келеді. Кеше университеттің мерейлі жылына арналған салтанатты іс-шаралар өтті.
Мерейтойлық бағдарлама аясында Лу Бань шеберханасының халықаралық орталығы ашылып, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, шетелдік серіктестер, ғалымдар мен түлектер қатысқан Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы ұйымдастырылды. Студенттерді, оқытушыларды және университет қонақтарын біріктірген мәдени-көпшілік шаралар жиынның шырайын кіргізді.

ЕҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов жиналған қауымды Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, оқу ордасының осы жылдар ішінде білім мен ғылымның беделді орталығына айналғанын атап өтті. Ректор университет қабырғасында аянбай еңбек етіп, елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген ғалымдар мен оқытушылардың еңбегіне ерекше тоқталды.
– Қазір білім ордасы ұлттық рух пен іргелі ғылымның негізгі ошағына айналды. Осылардың ішінде ғалымдар мен қоғам қайраткерлері үлесі көп. Олар елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, университет пен ел абыройын асқақтатып жүр. Бүгінгі заман талабына сай жаңарған университетімізде білім беру инновациялық бағдарламалары белсенді енгізілуде. Нәтижесінде, ғалымдарымыздың іргелі зерттеулері нарықтық сектормен тығыз байланыс орнатып, өндіріске енгізіле бастады. Университетіміздің басты байлығы ол – университетіміздің ұжымы. Білім ордасының іргетасын қалап, бүгінгі биікке жетуімізге өлшеусіз үлесін қосқан ардагер ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Университет дамуына күн сайын үлес қосып жүрген профессор-ұстаздарға, қызметкерлерге, студенттер мен жас ғалымдарға шынайы ықыласымды білдіремін, – деді Е.Сыдықов.

Келелі жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, одан бөлек Ресей, Беларусь және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының құттықтау хаттары оқылып, мерейтой мәнін айшықтай түсті. Сонымен қатар университет ұжымын Парламент Сенаты мен Мәжіліс төрағалары, дипломатиялық корпус өкілдері, шетелдік серіктестер, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары және әр жылдары қанат қаққан ЕҰУ түлектері жүрекжарды лебіздерін арнап, білім ордасының ел дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді.
– Бүгін отандық ғылым мен жоғары білім саласында айтулы мереке. Университет бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орнына айналды. 30 жылдық тарихы бар ЕҰУ бүгінде заман сұранысына жауап бере алатын, біліктілігі мен білімі, тәжірибесі мен таланты бір арнаға тоғысқан сала иелерін даярлауды айқын мақсат етіп келеді. Ұлттық университет ғылым мен білім айдынында жүктелген міндеттерді жоғары нәтижемен жүзеге асырып отыр. Бүгінгі нәтижелі жұмыс пен іргелі белестер университет ұжымының табанды еңбегінің арқасы деп бағамдаймын, – деді ЕҰУ түлегі, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігіндегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Білім ошағында 27 мыңнан астам студент білім алып, олардың сапалы білім мен терең ғылымға бет бұруына үш мыңға жуық оқытушы мен қызметкер қажырлы еңбек етіп келеді. Университет 200-ден астам білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, инженерия, ядролық физика, биотехнология секілді болашақтың бағыттарын дамытуға басымдық беруде. Мұнда студент жастардың ұлттық мәдениеті мен рухани-адамгершілік тәрбиесіне, эстетикалық талғамы мен отансүйгіштік рухының қалыптасуына айрықша көңіл бөлінетінін айта кеткеніміз жөн болар. Өйткені ЕҰУ-да түрлі бағыттағы 60-тан астам студенттік ұйым мен қызығушылық клубтары жұмыс істейді. Әдеби бірлестіктер мен пікірсайыс қозғалыстары, шахмат, экологиялық және спорт клубтары – бәрі-бәрі жастардың жан-жақты дамуына жол ашады. Бұл ортада әр студент өз қабілетін шыңдап, өзін жаңа қырынан тануға мүмкіндік алады. Бірі сахнада ән шырқап, бірі мың бұралған бимен көрерменді тәнті етсе, енді бірі дебат мінберінде ой жарыстырып, актерлік шеберлігін паш етеді. Нақтырақ айтсақ, «Шаңырақ» студенттік театры, SAMURYQ би мектебі, E-STUDIO вокалистері мен «Дала сазы» оркестрі халықаралық байқауларда талай мәрте топ жарып, Еуразия ұлттық университетінің мерейін асқақтатты.

Мерекелік жиынның негізі болған Ғылыми кеңестің салтанатты бөлігі Лу Бань шеберханасының лентасын қию рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов және ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь қатысты. Бұл орталық – болашақтың білікті инженерлері мен техник мамандарын тәрбиелеуге бағытталған, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім мен технология көпіріне айналған бірегей жоба. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан бұл бастама заманауи өндіріс пен инновациялық оқытуды ұштастырып, жас мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтуді мақсат етеді. Жоба Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесе жүзеге асырылып, техникалық және IT-білім берудің жаңа тынысын ашуға бағытталған. Бастаманың басты мақсаты – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінде сұранысқа ие болатын заманауи мамандарды даярлау. Бұл орталық тек білім беру алаңы ғана емес, халықаралық тәжірибе мен озық технология тоғысқан инновациялық кеңістікке айналып отыр. Мұнда студенттер теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, жаһандық еңбек нарығына бейімделген кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алады. Шеберхананы аралау барысында қонақтар болашақ технологиясының тынысын сезінгендей әсер алды. Оларға автоматтандырылған өндірістік желілер, жоғары өнімді есептеулер, ұшқышсыз жүйелер, машиналық көру мен робототехника зертханалары таныстырылып, цифрлық дәуірдің жаңа мүмкіндіктері паш етілді. Әсіресе Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері мен жас IT-мамандары ұсынған жобалар көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Жас зерттеушілер үлкен тілдік модельдерге негізделген білім платформасын, көру қабілеті нашар жандарға арналған интеллектуалды навигациялық жүйені, бейнені зерделеп, талдай алатын ақылды технологияларды, сондай-ақ Industrial AI бағытындағы тың әзірлемелерін таныстырды. Бұл жобалар жастардың жаңашыл ойы мен ғылымға деген құштарлығын айқын көрсетіп, университеттің инновация мен технологияның тоғысқан ортасына айналғанын аңғартты.
Мерейтойлық бағдарламаның жалғасы театрландырылған прологпен, бейнепрезентациямен және мерекелік флешмобпен аяқталды. Сонымен қатар қатысушылар үшін палау фестивалі, мерекелік концерт, ұлттық ойындар, көрме және интерактивті алаңдар және ЕҰУ түлектерінің кездесуі өткізілді. Олардың қатарын қазақстандық өнерпаздардың шығармашылық қойылымдары, спорттық белсенділіктер мен университеттің көпұлтты мәдениетін және студенттік рухын бейнелейтін мерекелік іс-шаралар толықтырды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
