4 сәуір күні наркоз енгізу кезінде оның жағдайы күрт нашарлаған.
Ақтауда депутат пластикалық операциядан кейін көз жұмды
114
оқылды

Ақтауда пластикалық операциядан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты stan.kz сайтына сілтеме жасап.

49 жастағы Ербол Айтуов «Қасиет» клиникасына иек тұсына липосакция жасату үшін жүгінген. 4 сәуір күні наркоз енгізу кезінде оның жағдайы күрт нашарлаған.

Марқұмның жұбайының айтуынша, дұрыс жасалмаған интубация салдарынан ер адамның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, ишемиялық инсульт алған. Кейін комаға түскен депутат бір айдан соң көз жұмған.

Туыстары медициналық мекеме науқасқа көмекті кеш көрсетіп, оның нақты жағдайын жасырғанын айтады.

Денсаулық сақтау министрлігінің жоспардан тыс тексерісі барысында клиникада бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, операциялық блок толық жабдықталмаған, кей құралдардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен және анафилактикалық шокқа қарсы қажетті дәрілер болмаған.

Сонымен қатар клиникада ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметіне лицензия болмағаны белгілі болды. Тексеру кезінде науқастың операцияға қарсы көрсетілімдері бола тұра және барлық талдаулар толық тапсырылмай-ақ отаға жіберілгені анықталған.

Тексеру материалдары прокуратураға жолданды.

Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. Сондай-ақ 2023 жылдан бері Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының өңдеу өнеркәсібі және базалық салалар комитетін басқарған.

Айта кетейік, бұған дейін 15 мамыр күні Алматыдағы пластикалық хирургия клиникасында 53 жастағы блогер Сәуле Базархан да липосакция жасатпақ болып көз жұмған еді.