Алматы тауларында бірнеше күн бойы байланысқа шықпай кеткен турист құтқарушылардың көмегімен аман-есен табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
20 мамыр күні ер адам Шымбұлақ жағынан тауға көтерілген. Ол екі күннен кейін оралуы тиіс болғанымен, белгіленген уақытта хабарласпаған. Кейін телефоны да өшіп, жақындары құтқарушылардан көмек сұраған.
Іздестіру жұмыстарына ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі жұмылдырылды.
Құтқарушылар 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңы бағытындағы тау беткейлерін жаяу тексерген.
Іздеу барысында жоғалған турист табылып, оның жағдайы жақсы екені анықталды. Мамандардың айтуынша, ер адамға медициналық көмек қажет болмаған.
Құтқарушылар туристі «Медеу» биік таулы мұз айдынына дейін қауіпсіз жеткізіп, туыстарына тапсырды.
ТЖМ мамандары тауға шығар алдында маршрут пен жорық уақытын жақындарға алдын ала хабарлауды ескертті.
