Бұған дейін Пермь өлкесінің губернаторы Дмитрий Махонин аймақтағы өндірістік нысандардың біріне дрон шабуыл жасалғанын мәлімдеген.
Зеленский Ресейдегі ірі химия зауытына жасалған дрон шабуылын растады
142
оқылды

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Пермь өлкесіндегі «Метафракс» химия зауытына жасалған соққыны растады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Зеленскийдің айтуынша, украиналық дрондар Ресей химия өнеркәсібіндегі маңызды кәсіпорындардың бірі саналатын «Метафракс Кемикалс» зауытына шабуыл жасаған. Оның сөзінше, зауыт өнімдері Ресейдің әскери өндірісінде, соның ішінде авиация, дрондар, зымыран қозғалтқыштары мен жарылғыш заттар шығаруда қолданылған.

«Енді кәсіпорындағы өндірістік процесс тоқтатылды», – деп жазды Украина басшысы Telegram-арнасында. Сонымен қатар ол операция үшін Украинаның Қауіпсіздік қызметіне алғыс білдірді.

Бұған дейін Пермь өлкесінің губернаторы Дмитрий Махонин аймақтағы өндірістік нысандардың біріне дрон шабуыл жасалғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, зардап шеккендер жоқ, алайда нақты қай кәсіпорын нысанаға алынғаны айтылмаған.

Кейін Telegram-арналар шабуыл Губаха қаласындағы «Метафракс» химия зауытына жасалғанын хабарлады. Кәсіпорында аммиак, карбамид және меламин өндіріледі.

Әлеуметтік желілерде зауыт маңынан көтерілген түтіннің видеолары тарады. Кей мәліметтер бойынша, өңірде жойғыш ұшақтар әуеге көтеріліп, мектептерде эвакуация жүргізілген. Сондай-ақ дрон шабуылына байланысты жартылай марафондардың басталуы кейінге шегерілгені хабарланды.