Polisia.kz мәліметінше, Атырау облысында бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өңірде браконьерлік пен балық өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған «Бекіре–2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Жуырда полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам балық өнімін тәркіледі. Оның ішінде 911 келіден астам бекіре тұқымдас балық пен шамамен 1 келі бекіре уылдырығы бар.
Тәркіленген өнімнің барлығы Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыты мекемесіне тапсырылды.
Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы заңсыз балық аулау, сақтау, тасымалдау және балық өнімдерін өткізуге қатысты 152 құқық бұзушылық анықталған. Қазіргі таңда жеті қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар заңсыз аулауға арналған 19 құрал мен құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылмақ болған 10 жүзу құралы тәркіленді.

Полиция уәкілетті органдармен бірлесіп, тұрғындар мен балық шаруашылығы субъектілері арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Азаматтарға табиғатты қорғау заңнамасының талаптары, сондай-ақ балық өнімдерін заңсыз аулағаны және айналымға жібергені үшін қарастырылған жауапкершілік жөнінде ақпарат берілуде.
Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Негізгі мақсат — экологиялық қылмыстардың алдын алып, елдің табиғи ресурстарын сақтау.
Сондай-ақ полиция азаматтарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және балықты заңсыз аулау деректері туралы жедел түрде хабарлауға шақырды.
