Атырау қаласында ІІМ ұйымдастырған рейд үлкен дауға ұласты.
Атырауда шетелдік нөмірлі көлік иелері жаппай наразылыққа шықты
235
оқылды

Шетелдік нөмірлі көлік жүргізушілері жаппай жиналып, министрліктен келген өкілдерге өз талабын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қала орталығындағы наразылық түн ортасына дейін жалғасып, бүгін де қайта өршіген.

KTK.kz мәліметінше, жол қауіпсіздігін қадағалау мақсатында басталған шара барысында бірнеше көлік айыптұраққа қойылған. Осыдан кейін шетелдік нөмірлі көлік иелері наразылыққа шығып, утильалым мен алғашқы тіркеу құнының тым қымбат екенін айтты.

Жүргізушілердің сөзінше, басты мәселенің бірі — сақтандыру рәсімдеу. Олар шетелдік көліктерге сақтандыруды заңдастырып беруді талап етуде. Наразы топтың айтуынша, дәл осы мәселені полиция жиі тексеріп, айыппұл салуға себеп етеді.

Ал Атырау облысы Полиция департаменті өкілдері тек заң бұзған көліктер ғана айыптұраққа қойылып жатқанын мәлімдеді. Полицияның дерегінше, бір апта ішінде 74 автокөлік айыптұраққа жеткізілген, оның 13-і соңғы бір тәулікте қамалған.

Рейд кезінде әлеуметтік желіде жол патруль полициясы көліктерінің трассада тұтас сызықты кесіп өтіп бара жатқан видеосы тарады. Бұл жайт қоғам арасында қызу талқыға түсті. Алайда ІІМ қызметтік көліктер арнайы дыбыс сигналы мен маяктар қосылған жағдайда ережеден ауытқи алатынын мәлімдеді.

Соған қарамастан, Атыраудағы наразы жүргізушілермен кездескен министрлік өкілдері журналистерге пікір беруден бас тартқан.