Шалғайдағы ауылдың қаршадай ғана қызы Назарбаев атындағы Зияткерлік мектепке түсіп, артынан Еуропадағы Будапешт техникалық университетінде білім алған.
"Мектепте алған білім өмірімді түбегейлі өзгертті" — Аружан Ашаманова
www.istockphoto.com
101
оқылды

Бүгінде 24 жастағы Аружан Қостанайдың Tehnopark kz компаниясында жұмыс істейді. Индустриялды жобалық-аймақтың техникалық бөліміндегі Локализациялық орталықтың автоқұрамдауыштарды өндіру құрылысымен айналысады, — деп хабарлайды Aikyn.kz

Аружан Ашаманова — Қостанай облысы, Жітіқара ауданына қарасты шағын ғана Чайковское ауылының тумасы.

Айтуынша, Назарбаев атындағы Зияткерлік мектепке 2014 жылы тапсырған.

— Бастауыш сыныпты аяқтағаннан кейін анам менің үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын ортада білім алғанымды қалады. Сол себепті 6-сыныптан кейін құжаттарымды НИШ-қа тапсырдық. 2014 жылдың жазында емтихан тапсыру үшін Қостанайға бардым. Шынымды айтсам, қатты дайындалған жоқпын. Ол кезде қазіргідей арнайы дайындық курстары да көп емес еді. Емтиханды тапсырып, нәтижесін күттік. Бір айдан кейін оқуға қабылданғаным туралы хат келді. Ол кезде мен небәрі 12 жаста едім, —  дейді Аружан Ашаманова.

Ол 7-сыныптан 12-сыныпқа дейін интернатта тұрып оқыған.

— 2014 жылдың желтоқсанында жаңа мектептің ашылуына барған сәтім әлі есімде. Заманауи кабинеттер, робототехника сыныптары, жаңа жатақхана — бәрі мен үшін ерекше әсер қалдырды. Сол уақыттан бастап НИШ өмірімнің үлкен бір бөлігіне айналды. Артыма қарайласам НИШ-тағы 6 жыл қас-қағым сәттей өте шықты. Бірақ сол кезең менің қалыптасуыма, өзімнің өсуіме қатты әсер етті. Біз білім алып қана қоймай, театрларға барып, конференцияларға қатысып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық. Мектеп пен жатақхана өміріне белсенді араластық, — деді ол. 

Аружан Ашаманова алғашында оқу оңай болмаған еске алды. Жаңа бағалау жүйесі, ағылшын тілінің қиындығы — бәрі үлкен сынақ болған. Ол кезде ағылшын тілін мүлде білмеді десе де келеді. Уақыт өте ол ағылшын тілін меңгеріп, Назарбаев атындағы Зияткерлік мектебін үздік аяқтаған. Сөйтіп, Еуропадағы Будапешт техникалық университетіне оқуға түсіп, азаматтық құрылыс факультетінде білім алған. Бұл университет Орталық Еуропадағы ең мықты техникалық оқу орындарының бірі саналады.

— Шетелде оқу оңай болған жоқ. Құрылыс саласында техникалық пәндер өте көп еді. Бірақ дәл сол кезде НИШ берген білімнің қаншалықты мықты екенін түсіндім. Қазақстаннан барған көптеген НИШ түлектері сияқты, бізге алғашқы курстарда оқу әлдеқайда жеңілдеу тиді. Себебі НИШ бізге білім ғана емес, ең бастысы — өз бетімізше үйренуді, ақпаратты талдауды, уақытпен жұмыс істеуді үйретті. Мектептеп кезімізден емтихандарға өзіміз дайындалып, әр тоқсан сайын мониторингтер тапсырып үйрендік. Сондықтан 6 жылдан кейін біз үшін “мүмкін емес” деген сөз ұмытылды. Сондықтан НИШ — жай ғана мектеп емес, өміріме үлкен жол ашқан орта. Қанша cliché болып естілсе де, НИШ менің болашағыма нағыз трамплин еді. Бүгінде алған білімімнің арқасында еліміздің дамуына үлес қосатын маңызды жобаларда жүрмін.

Назарбаев атындағы Зияткерлік мектепке, ұстаздарыма және осы мүмкіндікті сыйлаған баршасына алғысым шексіз. НИШ маған сапалы білім ғана емес, өмірлік достар мен мықты орта сыйлады. Қазірдің өзінде шетелде жүрсек те, НИШ түлектерінің қауымдастығы бір-біріне қолдау көрсетеді. Ал мектептегі достарым уақыт өте келе өмірлік достарыма айналды. Біз әлі күнге дейін кездесулерімізді асыға күтеміз. Назарбаев атындағы Зияткерлік мектеп менің өмірімді түбегейлі өзгерткеніне шын жүректен ризамын, — дейді Аружан Ашаманова.