Көкшетауда тұрғын үй ауласында тағы бір жеті жасар бала көлік астына түсіп, ауыр жарақат алды. Оқиға кеше Уәлиханов көшесіндегі үйлердің бірінің маңында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, бала аулада ойнап жүрген кезде жеңіл көлік қағып кеткен. Салдарынан жеткіншек аяғын сындырып, облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Дәл осы күні балалардың қатысуымен тағы бір жол-көлік оқиғасы Қосшы қаласында тіркелгені мәлім болды. Онда бес жасар бала жол апатынан бас жарақатын алып, ауруханаға түскен.
«Қосшы қаласындағы жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 жасар бала жеңіл жарақат алды. Көлікте болған баланы тасымалдау ережесін сақтамаған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиғаға қатысушылардың бір-біріне шағымы жоқ», – деп хабарлады Полиция департаментінен.
Ал Көкшетаудағы кәмелетке толмаған баланы қағу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тергеу жүргізіп жатыр.
Құқық қорғау органдары жаз мезгілі басталып, балалардың көшеде көп жүретін кезеңі келгенін ескертіп, жүргізушілерді барынша сақ болуға шақырды. Әсіресе, тұрғын үй аулаларында, мектеп пен ойын алаңдары маңында жылдамдықты төмендетіп, жолдағы әрбір қимылға аса сақтықпен мұқият қарау қажеттігін еске салды.
«Бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін», – дейді тәртіп сақшылары.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
