Сәтбаев университетінің базасында өткен 72 сағаттық халықаралық «TOM: Almaty» мейкатоны өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Үш тәулік бойы қатысушылар ерекше қажеттілігі бар жандардың күнделікті өмірін жеңілдетуге арналған жобаларды жасап, оларды тәжірибеден өткізіп, нақты қолданысқа бейімдеу бағытында жұмыс жүргізді. Мейкатон аясында ұсынылған бастамалар инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызды қадамына айналып, технологияның адам өмірін жақсартудағы рөлін айқын көрсетті.

Бүгінде Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және заманауи технологиялар арқылы жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне ерекше назар аударылып келеді. Осы тұрғыда «TOM: Almaty» мейкатоны әлеуметтік жауапкершілік пен инновацияны ұштастырған маңызды алаң болды.

Жоба инженерлік идеялардың байқауы ғана емес, мейірім мен жанашырлықтың, қоғамдағы өзара қолдау мәдениетінің көрінісіне айналды. Мұндай бастамалар жастардың әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтын, қоғам игілігі үшін қызмет ететін жаңа буын ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ұсынылған жобалардың басым бөлігі балалардың күнделікті өмірін жеңілдетуге, мүмкіндігі шектеулі балалардың қозғалыс белсенділігін арттыруға және қоғамға еркін бейімделуіне бағытталған.

«Бұл мейкатон адамдарды жақындастыратын, жүректерді біріктіретін ерекше жоба. Осында жиналған жастардың энергиясы мен ізденісі кез келген кедергіні еңсеруге болатынын дәлелдейді. Ең бастысы мұнда технология ғана емес, адам тағдырына деген жанашырлық бар. Біз жыл сайын инклюзивті қоғам құру жолында тың идеялардың дүниеге келіп жатқанын көріп келеміз. Осындай жобалар арқылы жастар тек кәсіби тәжірибе жинап қана қоймай, қоғамға пайда әкелудің шынайы мәнін түсінеді. Бұл болашаққа жасалған үлкен қадам. Бүгін ұсынылған жобалардың әрқайсысында үміт, қамқорлық және үлкен еңбек жатыр. Осындай бастамалардың арқасында елімізде инклюзивті мәдениет нығайып, ерекше қажеттілігі бар жандарға деген қолдау арта түсетініне сенімдімін», - деді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.

Мейкатон философиясына «Әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, жобаның негізін қалаушы Сания Арапова бастаманың қазақ халқына тән өзара көмек пен жанашырлық құндылығын жаңғыртатынына сенімді.
- Бір-біріне қолдау көрсету біздің қоғамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Осы ынтымақ пен ортақ мақсат сіздерге шабыт берсін, - деді ол.
Сарапшылар алқасы ұсынылған жобалардың практикалық маңызын, қауіпсіздігін, қолжетімділігін және технологиялық сапасын бағалады. 72 сағаттық марафон қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
1-орын «All-Fusion» командасы («AdaptiCycle» жобасы). Команда церебралды сал ауруына шалдыққан және қимыл-қозғалыс үйлесімі бұзылған жастарға арналған жеңілдетілген үш дөңгелекті электрлі реабилитациялық трайк әзірледі. Жобаның ерекшелігі гибридті жетек жүйесі, анатомиялық тірегі бар орындық және 3D-баспа технологиясы арқылы жасалған жеңіл модульді рама.
2-орын «U Freedom» командасы. Команда церебралды сал ауруының ауыр түріне шалдыққан балаларға арналған серуен арбасын жетілдіріп, оны баланың жеке қажеттілігіне бейімдеді. Прототип күшейтілген рама, қауіпсіздік белдіктері және арнайы анатомиялық тіректермен жабдықталған.
3-орын «Неискусственные интеллекты» командасы. Команда инклюзивті технологиялар саласындағы тиімді инженерлік шешім бейімдеу мен оңалтуға арналған ассистивті құрылғыны таныстырды.
4-орын - үш командаға берілді: «Useful HDU Team» - церебралды сал ауруына шалдыққан балалар мен ересектерге арналған үй жағдайындағы реабилитациялық велотренажер әзірледі. Құрылғы арнайы қосымшамен синхрондалып, жаттығуды ойын форматында өткізуге мүмкіндік береді.
