«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы «Ерекше күтім – ерекше қолдау» пилоттық жобасы аясында «Қамқорлық пен сенім кеңістігі» диалог алаңын ұйымдастырды. Іргелі іс-шарада ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрмысын жақсартуға жауапты сала өкілдері бас қосты.
Кедергісіз келешекке қадам
135
оқылды

Оған депутаттар, ата-аналар мен қамқоршылар, экологтар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, банк секторының және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

­– Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар өздерін жалғыз сезінбеуі керек. Бұл – аса маңызды. Бүгін осы алаңда оларды тыңдауға, көмектесуге және бір­лесіп шешім іздеуге дайын жандар жиналды. Осындай кездесулер тең мүмкіндіктер қоғамын құруға жол ашады, – деді «Кедергісіз келешек» партиялық жо­басының амбассадоры Александр Толмачев.

Іс-шара барысында бірнеше тәжірибе алаңы ұйымдастырылды. Бұл қадам әр қатысушыны толғандырған сұраққа нақты жауап табу мақсатында жасалды. Консультациялық секторда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлері және зейнетақы орталығының мамандары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түсіндіру жұмысын жүргізді. Сонымен қатар іс-шараға қаладағы барлық емхана өкілдері қатысып, балаларды медициналық тұрғыда сүйемелдеу мен оңалту мәселесі бо­йынша ата-аналарға кеңес берді. Сондай-ақ жәрдемақы рәсімдеу, арнайы қыз­мет көрсету, білім беру және балаларды болашақта жұмысқа орналастыру төңірегінде толық ақпарат ұсынылды.

Психологиялық қонақжайда Өңір­лік психологиялық қолдау орталығы­ның мамандары аналармен де, балалармен де өзара жұмыс істеді. Олар қатысу­шылар­ға түрлі көмек көрсетіп, пайдалы кеңес берді.

Ал жеке мәселе бойынша қабылдау бөлмесінде азаматтар мәслихат депутаттарымен және мемлекеттік органдардың басшыларымен әңгімелесіп, қордаланған түйткілдерді ортаға салды.

Іс-шара барысында ІІ топ мүгедегі, есту қабілеті бұзылған Дархан Мырзаханов есімді азаматтың жетістігі талайды тамсандырды. Ол Павлодар сервис және тамақтану колледжін сәтті аяқтап, мамандық иесі атанды. «Шексіз мүмкіндік» пар­тиялық қосалқы жобасы аясында аталған оқу орнымен ынтымақтастық ме­мо­рандумы жасалып, дәл осы келісім ар­қылы Дархан Мырзаханов өзі оқыған кол­ледж­ге ресми түрде жұмысқа орналасты.

– Қоғамға пайдалы болу және азаматтардың қолдауын сезіну – мен үшін өте маңызды. Сенетін, үміт артатын адамдар қасыңнан табылса, келер күнге деген сенімің нығаяды. Сондықтан өзге де жас азаматтарға айтарым, ешқашан жасқануға болмайды. Үнемі жақсылыққа, білімге ұмтылу қажет, – деді Дархан Мырзаханов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ерекше күтім – ерекше қолдау» жобасы – бірреттік іс-шара емес. Бұл – Павлодар өңіріндегі инклюзивті ортаны дамытуға және көмекке мұқтаж жандарға тұрақты қолдау көрсетуге арналған ашық диалог алаңы.

Тілек ҚАБЫЛ