Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Милан қысқы Олимпиадасындағы жеңісінен кейін жалақы алмағанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Спортшы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында жаңа маусымға дайындық басталуы керек екенін атап өтті. Бірақ қаржыландыру мәселесінде нақты жауап болмай тұрғанын айтты.
Михаил Шайдоровтың бұл жағдай Туризм және спорт министрлігін сынағанынан кейін болуы мүмкін деп есептейді. Спортшы Олимпиададан кейін жалақысы туралы ақпараттың жариялағанына наразылық білдірген.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы осыған қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Дирекция спортшыларға жалақыны қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген шарттарына сәйкес төлейтінін атап өтті.
«Михаил Шайдоровқа қатысты айтар болсақ, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық төленді. 2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған болатын. Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр. Мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылады және ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі саналады. Сонымен қатар мемлекет спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайды деп атап өтеміз. Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған», - делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
