Видеода бір қыз екінші қызды ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, тепкілейді
"Шашынан сүйреп, тепкілеген": әлеуметтік желіде қызды аяусыз соққыға жыққан видео тарады
www.istockphoto.com
211
оқылды

Атырау қаласындағы бір пәтерде қызға жасалған қатыгез соққы әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға қатысты полиция пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Әлеуметтік желілерде тараған видеода бір қыз екінші қызды ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, тепкілейді, басы мен денесіне бірнеше рет соққы жасайды. Кадр соңында жәбірленуші еденде қорғануға тырысқан күйде жатқанымен, шабуыл жасаған қыз оны ұруын және сүйреуін жалғастыра береді. Бөлмеде бірнеше қыз болғанымен, ешқайсысы араша түспегені байқалады.

Жазбада жанжалға қатысушылар Атырау қаласындағы кешкі мектеп пен колледжде оқитыны көрсетілген. Қақтығыстың себебі әзірге нақтыланбаған. Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаның биыл сәуір айында болғанын хабарлады.

"Құқықбұзушылыққа жол берген барлық тұлғалар полиция басқармасына жеткізілді. Төрт күдікті жауапкершілікке тартылып, кінәлі деп танылды. Барлық қатысушылар профилактикалық есепке қойылды. Оқиғаға қатысы бар 16 жастағы кәмелетке толмағанға қатысты материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды", – делінген хабарламада.