Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды елорда әуежайында қарсы алды.
Екі ел серіктестігіне жаңа серпін
98
оқылды

Еліміздің шекарасына енген сәттен Аста­на әуежайына қонғанға дейін Ресей Президентінің бортына Қазақстан Респуб­ликасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақ­тары қапталдаса ұшты. Ұшақ трапының ал­дында Құрмет қарауылы ротасы сап тү­зеді.

Владимир Путин мен ресми делегация мүшелеріне екі елдің жалаушаларын ұста­ған балалар, Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының барабаншылары қошемет көрсетті. Одан кейін Қазақстан мен Ресей туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті.

Әуежай терминалында әл-Фараби атын­дағы Оқушылар сарайының домбыра­шылар ансамблі және сырнайшы, ха­лық­аралық конкурстардың лауреаты Радмир Хай­буллин Ресей мемлекеті басшысының құрметіне Құрманғазы күйлері мен орыс халық әуендерінен попурри орындады.

Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Пре­зи­ден­ті Владимир Путин шағын құрамда ке­ліс­сөз жүргізді.

Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мем­лекеттік сапармен келген Ресей Фе­де­рация­сының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вла­димир Путин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қа­рауы­лының бастығы рапорт беріп, екі ел­дің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Сал­танатты рәсім аяқталған соң президенттер келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті Ресей басшысына ілтипат білдіріп, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін айт­ты.

– Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңіс­тігінің өзегі саналады. Осы орайда екі мә­селені ерекше атап өткім келеді. Бірін­шісі – елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, тү­зе­тулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін. Екіншісі, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қа­тысты келісімге қол қою. Осы жобаға қол­дау көрсеткеніңіз үшін Сізге риза­шылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жө­нінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жө­нін­де егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске ал­дық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түп­кілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Аза­маттарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бей­біт­­шілік қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.

– Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қа­лып­тасқан халықтарымыз ара­сындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағыт­ында тағы да алға қарай қадам жаса­дық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бейрес­ми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көп­те­ген маңызды әрі перспективалы бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қар­саңында келіп отыр. Ресей мұсыл­мандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мей­рам кеңінен тойланатынын білемін, – деді Владимир Путин.

Экономикалық қатынастардың мәні зор

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіс­сөздерді ресми делегация мүшеле­рі­нің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Мемлекет басшысы Ресей Пре­зидентінің Қазақстанға жаса­ған сапары жан-жақты стратегия­лық серіктестік және одақтастық рухындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті. Мемлекет басшысының айту­ынша, әлемдегі күрделі ахуал­ға қарамастан, екіжақты ықпал­дас­тық, әсіресе, экономика сала­сын­да табысты өрбіп келеді. Өңіраралық ынтымақтастық фору­м­­дарын өткізу дәстүрге айналды.

– Ресей Қазақстан эконо­микасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор сана­ла­ды. Қазақстанның Ресей эконо­микасына салған қаржысы 9 мил­лиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел прези­денттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қар­қын­ды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестиция­ның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жоба­ның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни, операциялық кезеңге өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, мә­дени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша назар аударуға лайық. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің көпжақты алаңдар ая­сын­дағы ықпалдастығына мән берді.

– Екі ел «Орталық Азия – Ресей» форматында жемісті жұмыс атқарып жатқанына айрықша тоқ­талғым келеді. Аталған форматты бүкіл әлем Орталық Азияға наза­рын тігіп отырған уақытта күшейте түсуіміз қажет деп ойлаймын. Сапар қарсаңында жарияланған мақалаңыз үшін Сізге ризашы­лығымды білдіремін. Өте қызықты әрі мазмұнды мақала біздің қоғам тарапынан оң бағаға ие болды. Біз елдеріміз арасындағы стратегия­лық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту бағытында әрі қарай жұмыс атқара береміз, – деді Президент.

Владимир Путин теңқұқылы және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстанның қарым-қа­тынасы қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.

– Былтыр Мәскеуге мемле­кеттік сапарыңыз барысында жаса­ған бірлескен мәлімдемеде байланыстарымыз жан-жақты стра­тегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өттік. Бұл шын мәнінде солай. Біз барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайын­да маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз. Сонымен қатар көптеген үкіметаралық, ведом­ство­аралық және коммерциялық келісімдер дайындалды. Бұл құ­жат­тар экономика мен энергети­кадан бастап, мәдени-гумани­тар­лық қатынастарға дейінгі ынты­мақ­тастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ық­пал­дастығымыздың іргесін нығай­туға септігін тигізетініне сенім­ді­мін. 70 инвестициялық жоба жүзе­­ге асырылып жатыр. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін пер­спективалы бағыттары байқа­ла­ды, – деді Ресей Президенті.

Бұдан бөлек, кездесуде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру салаларындағы бір­лескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Вла­димир Путин жан-жақты стра­тегиялық серіктестік және одақ­тас­тық рухында Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы арасын­дағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көр­ші­ліктің жеті негізі туралы Бірлес­кен мәлімдеме қабылдады. 

Ымыралы ынтымақтастық

Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вла­димир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бір­лес­кен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапар­ын екі елдің стратегиялық серік­тестігі мен одақтастық қатынас­та­рын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Ең алдымен, кездесуіміздің қарсаңында жарияланған мазмұн­ды мақаласы үшін Ресей Прези­ден­тіне алғыс айтамын. Бұл матер­иал­ды халқымыз ықыласпен оқы­ды. Өйткені мақалада тату көр­шілік пен өзара құрметке негіз­делген ынтымақтастықты табысты ілгерілету үшін маңызы зор нақты деректер мен пайымдар көрініс тапқан. Бүкіл еуразиялық кеңіс­тіктегі тұрақтылық пен өркендеуге ортақ жауапкершілік арқалау  Қазақстан-Ресей ықпалдасты­ғының негізгі мәні деген пікірмен келіспеске болмайды. Қазақстан тарапына айтылған жылы лебіздер мен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға берілген жоғары баға үшін шынайы ризашы­лы­ғымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл сапар екіжақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті.

– Мұны мынадай объективті көрсеткіштерден аңғарамыз: сау­да-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп бол­жанып отыр, ал экономика­мыз­ға құйған инвестиция бойын­ша Ресей басқа елдер арасында бірін­ші орынға шықты. Эконо­ми­калық ынтымақтастық аясындағы бас­та­малар тізіміне 177 перспективті жоба кірді, оның 122-сі операция­лық циклге өтті, яғни, іске асыр­ылды. Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серік­тестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз. Қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туын­даған қиындыққа қарамастан, Ресей экономикасы сатып алу қа­білетінің паритеті бойынша әлемде – төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шықты. Мұны ірі халықаралық қаржы институт­та­рының мәліметтері растайды. Был­тыр Ресейдің номиналды ішкі жалпы өнімі 2,5 триллион дол­лар­дан асты. Бұл – керемет нәтиже, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақ­ты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне Ресей Президенті Влади­мир Путин зор үлес қосқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келіссөздер делегация мүшелерінің қатысуымен іскерлік және конструктивті сипатта өтті. Тараптар күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша нәтижелі пікір алмасты. Еуразиядағы қауіп­сіз­дікке баса назар аударылды.

– Сауда-экономикалық байла­н­­ыстардың орнықтылығы, кәсіп­керлердің белсенділігі екі ел эко­но­микасының негізгі салала­­рын­дағы өсімді қамтамасыз етіп отыр. Соңғы бес жылда тек агро­өнер­кәсіп саласындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 1 миллиард дол­ларға ұлғайды. Инвестициялық ынты­мақ­тастық қарқынды түрде дамып келеді. Осыған дейін айтылғандай, Ресей Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция бойын­ша көш бастап тұр. Жалпы инвес­тиция көлемі 29 миллиард доллар­дан асты. Ал Қа­зақстанның Ресей­ экономикасына салған инвести­циясы 9 миллиард долларға жетті. Бұл да жақсы көр­сеткіш. Қазақ­станда ресейлік­тер­дің үлесі бар 20 мыңнан аса ком­пания табысты жұмыс істейді. Биыл 20 тамызда өтетін Қазақстан-Ресей өңірара­лық ынтымақтастық форумы сау­да-экономикалық, ин­вестициялық салалардағы әріп­тестік әлеуетін арт­тыруға тың серпін беретініне сенімдіміз, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Қасым Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетиканы ынты­мақ­тастықтың аса табысты бағыты рет­інде қарастыруға толық негіз бар.

– Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келі­сімдердің стратегиялық маң­ызы зор. Осы ауқымды жобаны ба­тыл қолдағаны үшін Ресей Федера­циясының Президентіне ризашы­лығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология сала­ла­рындағы ықпалдастықты ілгері­летіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың даму­ын қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Ресей үшін энергия ресурстар­ын және электр энергиясын өн­діру, тасымалдау, ішкі әрі сырт­қы нарықтарға жеткізу мәселелерін табысты шешудің мәні зор. Еура­зиядағы көлік байланысы көбіне біздің елдерімізге тәуелді. Қазақ­стан мен Ресей Солтүстік – Оңтүс­тік, Шығыс – Батыс құрлықаралық дәліздерін дамыту жолында же­місті жұмыс атқарып жатыр. Тарифтерді оңтайландыру, әкім­шілік рәсімдерді қысқарту, шекара маңындағы және басқа да инфра­құрылымды жаңғырту үшін жүйелі шаралар қабылданғаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып келеді, был­тырғы қорытынды бойынша 92 миллион тоннаға жетті. Бұл шама­мен 3,4 пайыз өсімді құрайды. Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған. Ол үшін озық цифр­лық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын ен­гіземіз. Ғарыш саласындағы ынты­мақтастықтың келешегі зор. «Бай­қоңыр» космодромы көп жылдан бері жемісті ғылыми-техникалық серіктестігіміздің символы ретінде қызмет етіп келеді. «Бәйтерек» бірлескен жобасының жүзеге асырылуы, соның ішінде жақында «Сұңқар/Cоюз-5» жаңа зымыран тасы­ғышының сәтті ұшырылуы ғарыш қызметін ұсынатын халық­аралық нарықтағы елдеріміздің позициясын нығайтуға жол аша­ды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақ­тастық қатынастарының жыл­намасына енетініне сенім білдірді.

Ресей Президенті келіссөз­дердің іскерлік және конструктивті сипаты екі елдің достық және тату көршілік қарым-қатынасына сай келетінін айтты.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге екі елдің бірқатар сауда-эконо­мика­лық жобалары танысты­рылды.

Бүгінде елімізде 3,5 мың бір­лес­кен кәсіпорын және ресейлік капиталы бар 17 мыңнан аса ком­пания жұмыс істейді. Қазақстан мен Ресей өнеркәсіп коопера­циясының портфелі жалпы құны 52,7 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жобадан тұрады. Осы арқылы 60 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.

Осыдан кейін Қазақстан мен Ресей басшыларына «Астана – Мәскеу» жүргізушісіз жүк көлігі авто­бағытының іске қосылуы көрсетілді. Өз кезегінде Қазақстан мен Ресей президенттеріне Амур жолбарыстарын жерсіндіру жоба­сы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге көрсетілген бейнероликте төрт Амур жолбарысын «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберу сәті таспаланған. Бұл бастама Қазақстандағы жол­бар­ыстар популяциясын қалпына келтіруге және әлемдегі биоалу­антүрлілікті сақтауға зор үлес қосады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин онлайн-форматта «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру инфрақұрылымының капсуласын салу рәсіміне қатысты.

Осыдан соң Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достық аллея­сында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин емен ағашын екті. Бұл рәсім екі мемлекет ара­сын­дағы өзара құрметтің, берік дос­тық пен көпқырлы ынтымақ­тас­тықтың белгісін сипаттайды.

Бұдан кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары Еуразия экономикалық форумы аясындағы көрмені тамашалады. Форумда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қыр­ғызстан президенттері мен деле­га­ция жетекшілерінің назарына озық технологиялық және цифрлық шешімдер көрмесі, сондай-ақ Халықаралық Alem.АІ жасанды ин­теллект орталығының мүмкін­діктері ұсынылды.