Мемлекет басшысы бүгінгі күннің символикалық мәніне назар аударды. Дәл осы күні, яғни, 2014 жылы 29 мамырда Қазақстан елордасында Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа қол қойылған болатын.
– Бұл уақиға еуразиялық интеграцияның маңызды кезеңі ретінде есте қалды. Одақ құрылған сәттен бері еуразиялық «бестіктің» басты ынтымақтастық алаңына айналды. Осыған орай, барша әріптесімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бірлестік одан әрі дамып, елдеріміз бен халықтарымыздың игілігіне қызмет ете берсін! Бүгінгі шағын форматтағы кездесу барысында біз сыртқы саудаға, жасанды интеллектіні дамыту бастамаларына қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Бұл туралы мазмұнды әңгімеміз кеше экономикалық форум аясында басталды. Жиынымыз әдеттегідей конструктивті сипатта өтіп, өзара тиімді шешімдер қабылданатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы іс-шараларға қатысқаны үшін ЕАЭО-ға мүше елдердің және байқаушы мемлекеттердің басшыларына, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтарға алғыс айтты.
– Бүгінгі кездесуіміз ерекше мәнге ие. 2014 жылы дәл осы күні Бірлестігіміздің негізін қалаған Шартқа қол қойылды. Жоғары кеңестің шешімімен 29 мамыр – Еуразиялық экономикалық одақ күні болып ресми түрде жарияланды. Бірлестігіміздің он жылдан астам тарихы бар. Осы уақыт ішінде экономикалық интеграцияны тереңдету бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Атап өтерлік жайт, бұл күндері Астанада Жоғары кеңестің отырысымен қатар Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Форум қорытындысы сан қырлы іскерлік серіктестігімізге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.
Оң динамика сақталды
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отырғанына тоқталды.
– Болжамға сай, 2026-2027 жылдары ЕАЭО елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнім өсімі 2,5 пайызға жуықтауға тиіс. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді. Дегенмен халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтағы жағдайға берген бағасы көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қорының баяндамасына сәйкес, биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайтыны жөнінде айтылып жүр. Әрине, дүниежүзіндегі құрылымдық өзгерістер ЕАЭО-ның экономикалық дамуына да әсер етпей қоймайды. Қазіргі сәтте Бірлестігімізді жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі орнықтылықты нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Жоғары кеңестің төрағасы ретінде Қазақстан Президенті интеграциялық құрылымды одан әрі қарқынды дамытуды көздейтін бірқатар стратегиялық басымдықты атады. Сонымен қатар еліміздің ұсыныстарына қолдау көрсеткені үшін әріптестеріне алғыс айтты.
– Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдау мақсатымыздың ортақ екенін көрсеткен маңызды шешім болды. Осы саладағы белсенді ықпалдастыққа үміт артамын. Күш-жігерімізді келесі басым бағыттарға жұмылдырудың мәні зор деп санаймын. Бірінші. Еуразиялық интеграцияның цифрлық негізін нығайту. Цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру кезінде деректерді жедел өңдеу, автоматтандыру және инновацияны жаппай енгізу табыстың негізгі факторына айнала бастады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу бойынша бірқатар жүйелі шараны қолға алды.
– Astana Hub базасында қарқынды ілгерілеп келе жатқан әрі толыққанды стартап-экожүйе қалыптасуда. Елімізде 100-ден астам жаңа жоғары технологиялық компания жедел дамып келеді. Қазақстан технологияны нетто-экспорттаушы мәртебесін ресми түрде дәлелдеді. ІТ қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің бастапқы жетістіктеріміз халықаралық деңгейде мойындалды. EGDI (E-Government Development Index) жаһандық рейтингіне сәйкес, Қазақстан 24-орын алады. Ал онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіреді. Ендігі міндет – осы табысты тәжірибені кеңінен тарату. Астанада Халықаралық Alem.AI жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Бұл талантты бағдарлама әзірлеушілер шоғырланған орталық қана емес, жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдерді ойлап табатын әрі енгізетін аймақтағы басты алаң саналады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі көлік дәліздерін цифрландыруды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразияның көлік жүйесі Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың басты нарықтарын байланыстыратын жоғары технологиялық халықаралық бағыттардан құралады.
– Бұл арада жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздерінің тұтас жүйесі туралы сөз болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономика тізбегіндегі жетекші орнымызды сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет. Ыңғайлы логистикалық шешімдер, жүкті тұрақты жеткізу мен өткізу жылдамдығы Еуразиялық экономикалық одақтағы транзит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан өткен жылдың соңында біз Smart Cargo секілді құралдарды жүйелі түрде енгізе бастадық. «Бір терезе» қағидатымен қызмет ететін платформа аясында көлік дәліздерін цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Қазақстанда көрші елдермен рұқсатнаманы электрондық бланкі форматында алмасу механизмі енгізілді. Одақ аясындағы ақпараттық жүйелерді өзара кіріктіру – уақыт талабы, – деді Мемлекет басшысы.
Цифрлық бастамалар өндірісті арттырады
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі өндіріс ошақтары мен агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялаудың маңызына назар аударды. Президенттің пайымынша, экономиканы цифрландыру – технологиялық тренд қана емес, бәсекеге қабілетті болудың басты кепілі.
– Қазақстан бұл сынаққа ауқымды Цифрлық трансформация тұжырымдасын қабылдау арқылы жүйелі әрекеттермен жауап бермек. Өнеркәсіп секторы мен тау-кен және металлургия кешеніндегі роботтандыру, «бұлттық» шешімдер, ірі кәсіпорындардың «цифрлық телнұсқасы» өнімділікті ұлғайтып, шығынды азайтады. Ауыл шаруашылығын автоматтандыру мол өнім жинауға, су үнемдеуге, қоршаған ортаға зиянды азайтуға септігін тигізеді. Мал шаруашылығына қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартып, есептің дәлдігін арттыратын бірқатар цифрлық жүйе енгізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде 650-ден астам «ақылды» фермалар жұмыс істеп тұр. Онда сиыр сауу, бордақылау және микроклиматты қадағалау үрдістері автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған. Егін және тұқым шаруашылығында өнімді «егіс даласынан тұтынушы дастарқанына дейін» жеткізу тізбегін қадағалайтын жүйе енгізіліп жатыр. Тыңғылықты жоспарлау мен цифрлық болжау мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде, Қазақстанда екінші жыл қатарынан егін бітік шығып, 27 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті әлем экономикасы трансформацияланып жатқан кезеңде жаңа табыс көздерін іздеу тағы бір басымдық екенін атап өтті.
– Ұлттық экономикалардың ұзақмерзімді орнықтылығы мен болашақтағы орнын сайлауы жаңа технологиялық сын-қатерлерге жедел бейімделуіне тікелей байланысты. Бұл жөнінде біз кеше, Еуразиялық экономикалық форумның алғашқы күнінде егжей-тегжейлі талқыладық. Жаппай цифрландырудан бастап жасанды интеллектіге дейінгі технологиялық прогресс толқыны бірінен соң бірі туындап жатыр. Осылайша, технологиядағы әрбір жаңа белес озық ойлы адамдарға мүмкіндік сыйлайтын келесі соны серпіліске негіз қалайды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 20 жылдың ішінде биотехнология, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау, кванттық есептеу секілді маңызды технологиялық үдерістердің тұтас легі пайда болады. Мәселен, ұзақмерзімді болжам бойынша 2035 жылға қарай әлемдік робот техникасы нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асады. Виртуалды шынайылық индустриясындағы қаржы айналымы 700 миллиард долларға жуықтайды. Әрине, біздің елдеріміз осы жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның сыртқы сауда-экономикалық әлеуетін іске асыру маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, Одақтың Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланыстарын одан әрі кеңейту қажет.
– Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс басқа да қызмет бағыттары сияқты назар аударуға лайық. Менің ойымша, шағын құрамдағы кездесуде Беларусь Президенті өте дұрыс ұсыныс айтты. Еркін сауда аймағын құратын серіктестер де, сондай-ақ байқаушы мәртебесіне ие болатын елдер де мұқият таңдалуы қажет. Яғни бәрін бірдей емес, шын мәнінде белгілі бір талаптарға сай келетін және Еуразиялық экономикалық одаққа пайда әкелетін елдерді қабылдау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалығы аясында мүше мемлекеттердің ортақ экономикалық әлеуетін нығайтуға, орнықты дамуын қамтамасыз етуге алдағы уақытта да барынша жәрдемдесе беретінін мәлімдеді.
– Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, маңызды нәтижеге қол жеткізе аламыз және Одақ аясындағы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге шығарамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Былтыр ЕАЭО қызметінің стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын табысты аяқтадық. Алдымызда Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту туралы декларацияда қарастырылған көптеген міндет тұр. Сөз соңында алға қойған мақсаттарға жету жолында баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Кеңес отырысына Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
