Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен өткен Палата отырысында сенаторлар күн тәртібіне енгізілген бірқатар заңды қарап, өзекті мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын жолдады. Жиында педагогтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған заңнамалық бастамалар да талқыланды.
Педагогтарды қорғау күшейеді
108
оқылды

Отырыста «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Оман Сұлтан­дығының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұл­данды. Құжат Қазақстан мен Оман ара­сындағы экономикалық ынтымақтас­тықты нығайтуға және қосарланған салық салуды жою арқылы инвестиция тартуға бағытталған.

Заңда резиденттік, тұрақты ме­кемелер, салық салынатын табыстарды бөлу (дивидендтер, пайыздар, роялтилер) мәселелері реттеліп, салық салуда кемсітушілікке жол бермеу кепілдігі қарастырылған. Сонымен қатар құжатта ақпарат алмасу, өзара келісу және жеңілдіктерді шектеу тәртібі бекітілді. Мұндай қадам екі елдің құқықтық базасын кеңейтіп, қосарланған салық салуды жоюға және халықаралық стандарттарға сай салық­тан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімділігі арттыруға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшін­ші тарап­тардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді ратифика­циялау туралы» заңды да мақұлдады. Аталған құжат нормалары Қазақстан­ның транзиттік хаб ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді. Келісім Еура­зиялық экономикалық одақ аумағы арқылы тауар­ларды транзиттік тасымалдау кезіндегі ке­дендік операцияларға қатысты құқық­тық қатынастарды реттейді.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселелер – «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» және оған ілеспе «Қазақ­стан Респуб­ликасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қыл­мыс­тық-процестік кодексіне және Қазақстан Респуб­ликасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңдар.

Осы заңдар арқылы мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу тетігі енгізілді. Сондай-ақ аталған жағдайлардың алдын алу ша­ра­ларын қабылдамағаны үшін жауап­кершілік белгіленді. Бұдан басқа, цифрлық кадрлық жүйені енгізу, мемлекеттік мекемелер мен квази­мемлекеттік сектор субъектілеріндегі кадрлық процестерді реттеу, бұрын сыбайлас жемқорлық құқықбұзу­шылық жасаған тұлғаларды жұмысқа қабылдауға қатысты шектеулерді нақтылау мәселелері қамтылды. Мемлекеттік функция­ларды орын­дауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар қатарын кеңей­ту, жақын туыстарының және өзге де байланысы бар тұлғалардың бірлескен қызметіне байланысты шектеулерді күшейту және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъекті­лерінде сыбайлас жемқор­лыққа қарсы ішкі бақылау тәртібін жаңғырту қарастырылған.

Заңға сәйкес, білім беру орган­дарына мектеп­терде оқушылардың ұялы телефон пайдалану қа­ғидаларын әзірлеу және бекіту құзыреті бері­леді. Жергілікті атқарушы органдар енді өңірлік олимпиада жеңімпаздарының республикалық деңгейдегі жалпы білім беретін пәндер олим­пиадаларына, ғылыми жобалар байқауларына, орын­даушылар конкурстарына, спорттық жарыстар мен кәсіби шеберлік бай­қауларына қатысуын қамтамасыз етуге міндетті болады.

Сондай-ақ енді педагогтар білім алушыларға қатысты оқыс оқиғалар үшін тек кәсіби қызметін атқару кезеңінде, оның ішінде білім беру қыз­метіне байланысты лауазымдық міндеттерін орындау барысында ғана жауапты болады. Бұдан бөлек, заңда педагогтан білім беру заңнамасында көзделмеген есептілік немесе ақпарат талап ет­кені, құжаттарды бір мезгілде қағаз және элек­тронды форматта жүргізу міндетін жүктегені, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтарын кәсіби қызметіне қа­тысы жоқ мем­лекеттік емес ұйым­дардың іс-шараларына тарт­қаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарас­тырылған.

Айна ХАСАН