Бұл бастама азаматтар арасындағы экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясы Риддер қалалық филиалы ауған соғысы ардагерлеріне арналған сквер аумағын тазалау жұмысын ұйымдастырды. Іс-шараға жастар қанаты қатарындағы 50-ден астам партияластар қатысты. Нәтижесінде, шамамен бір тонна қоқыс жиналды. Мұндай іс-шаралар қала тазалығын арттырып қана қоймай, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғау жолындағы ортақ мақсат төңірегінде топтастырады.
Қарағанды облысы Теміртау қаласында «Жағалау учаскесі» қоғамдық жағажайы аумағында тазалық жұмысы жүргізілді. Экологиялық іс-шараға 30 адам қатысты. Олардың қатарында белсенділер, депутаттар және жастар қауымы бар. Іс-шараға атсалысқан Теміртау қалалық мәслихатының депутаты Асқар Ахметов экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау ісіндегі тұрғындар белсенділігінің маңызын атап өтті.

«Мұндай экологиялық акциялар тұрғындарды тазалық сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау сынды ортақ мақсатқа жұмылдырады. Әрбір азамат туған қаласын көркейтуге және келешек ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады», – деді Асқар Ахметов.
«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының бастамасымен және облыстық мәслихат депутаты Валерий Крыловтың қолдауымен Орал қаласында қурап қалған ағаштарды кесу, ағаштарды әктеу, қоқыс жинау және балалар ойын алаңдарын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға партия белсенділері, қала тұрғындары және «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері қатысты.
«Бүгін біздің аулада тазалық акциясы аясында абаттандыру жұмысы жүргізілді. Партия бастамасымен ұйымдастырылған акцияға белсенді атсалысқан жұмысшылар мен еріктілерге алғысымызды білдіреміз. Бұл нақты адамдар үшін жасалып жатқан нақты әрекет деп білемін», – деді қала тұрғыны Наталья Глухова.

«Таза бейсенбі» акциясы азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және жайлы қалалық орта құруға бағытталып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өңірлердегі экологиялық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Тілек ҚАБЫЛ
