Жас қырандардың қанатын қатайтып, түрлі кәсіп иесі иесі болуға асығатын жүйеде үлкен бетбұрыс басталды. ҰБТ-ға қатысты тәсілдеме қайта қаралады: реформа қандай өзгерістерді қарастырады? Мыңдаған жас неге тест тапсырмай-ақ диплом алудың жолын іздеп жүр? Неге ҰБТ сұрақтары күрделеніп барады?
Білім бәйгесінің бәсі биік, жүгі ауыр
Педагогтар мен даярлау курстары мамандарының айтуынша, қазіргі ҰБТ сұрақтарына жауап табу жыл өткен сайын қиындап барады. Бұл сыннан сүрінбей өткісі келетін бала тек мектеп бағдарламасымен шектеле алмайды: ол қосымша репетитор жалдауға мәжбүр. Тіпті, тәжірибелі ұстаздардың өзі тест тапсырмаларының америкалық және еуропалық үлгілерден алынғанына, соның салдарынан ересектердің өзі шешімін таба алмай, дәрменсіз күй кешетініне шағымданады.
Осыған орай әлеуметтік желіде кейбір қоғам белсендісі санаулы түлектің негізгі ҰБТ-да өз бетінше 140 балл жинай алғанына сенімсіздік білдірді. Олар тіпті академиялық адалдықты тексеру үшін ең жоғары жетістікке жеткен талапкерлерге сынақты қайта тапсыртқызу керек деген ұсыныс тастады. Қоғамдық резонансқа Ғылым және жоғары білім министрлігі үнсіз қалмады. Министр Саясат Нұрбек ҰБТ онсыз да қатаң бақыланатынын және қайта тексерудің қажеті жоғын мәлімдеді.
– Біріншіден, кіреберісте металдетектор арқылы тыйым салынған заттардың бар-жоғын арнайы оқытылған қызметкерлер мен инспекторлар мұқият тексереді. Екіншіден, күшейтілген қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі. Бұдан кейін тестілеудің өзін бақылау да цифрландырылған. Аудиторияларда бүйірден және жоғарыдан түсіретін екі бірдей камера орнатылған. Алгоритм өте қатаң: ол тест тапсырушының іс-қимылын секунд сайын дененің 17-18 нүктесі бойынша бақылап отырады: күмәнді әрекеттері, әлденені жасырын пайдаланғаны байқалса, мұның бәрі тіркеледі, – деді С.Нұрбек.
Бейнежазбалар талап-арыз берудің ескіру мерзімі аяқталғанға дейін бірнеше ай бойы сақталады. 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану, ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері бірден жойылады.
Министрліктің дерегінше, ҰБТ-ны өткізудің екінші аптасында 200-дей ереже бұзушылық анықталды. 103 талапкер смартфонды, смарт көзілдірікті, микро құлаққапты, шпаргалканы және басқа тыйым салынған затты алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 75 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталмапты. Бұл ретте министрлік тестілеу кезінде электр жарығы өшіп қалған, компьютерлер өздігінен қайта жүктелген немесе басқа да техникалық іркілістер болған жағдайларды бөлек қарастырмақ. Министр жоғары балл жинаған талапкерлердің арасында ауыл мектептерінің түлектері барын қосты.
140 балл иегері атанғанның бірі – Павлодар облысының жалпы орта білім беру мектебінің түлегі Әсет Әлтайыр. Ол негізгі ҰБТ-ға бір жылдан бері тынбай дайындалғанын жеткізді. Бірнеше рет сынақ тестілеуден өтіпті. Ал 2026 жылғы 26 мамырда Павлодар қаласындағы аймақтық тестілеу орталығына келген Әсет «Математика-География» пәндер комбинациясын таңдап, ҰБТ-ны сәтті тапсырды. Ол бес пән бойынша ең жоғары 140 балды жинады.
«Көшіру, айла-шарғы болған жоқ. Есте сақтау қабілетім жақсы. 11-сыныптың басынан ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындала бастадым. Дәл сол кезде болашақ мамандығымды нақты таңдадым. «Менеджмент» мамандығына түсуді жоспарлап отырмын», – деді Әсет.
ҰБТ-дағы үлкен бетбұрыс: саннан сапаға
Әйткенмен, ата-аналар тарапынан арыз-шағым жетерлік. Олар ҰБТ сұрақтарын тек мектеп бағдарламасымен шектеуді ұсынады. Талапкер таңдаған мамандығы бойынша толыққанды, терең білімді университетте алуы керек. «Тума талант, оқып туған бала болмаса, қарапайым мектеп оқушысы Зияткерлік мектептер, Білім-инновация лицейі сияқты мамандандырылған алпауыттармен еш бәсекелесе алмайды», – деп ашынады ата-аналар. Өйткені ақылы білім ордалары өз беделін асқақтату үшін оқуда озат шәкірттеріне арнайы маман бөліп, оларды ҰБТ-ға екі жыл бұрын мақсатты түрде әзірлейді екен.
Ел ішіндегі наразылықтың үдеуіне байланысты ҰБТ-ға жауапты тұлғалар баспасөз мәслихатын ұйымдастыруға мәжбүр болды. Журналистер оларға сұрақты төтесінен қойды: «Қазіргі ҰБТ ақылы мектептердің, ақылы білім беру және даярлау орталықтарының және репетиторлардың қалтасын қампайтып, олардың клиентурасын көбейтуге ғана қызмет етіп отырған жоқ па?».
Ұлттық тестілеу орталығы Алматы филиалының басшысы Жұмабике Сұлтанованың сендіруінше, бұл жерде қарапайым мектеп мұғалімдерінің кінәсі жоқ. Мектепте қатаң мемлекеттік стандарт бар, педагогтар оны сабақтың шектеулі 45 минуты ішінде орындауға міндетті. «Сондай-ақ кейбір педагог өз еркімен сабақ уақытында, сабақтан тыс, қосымша сабақтарда үздік оқушыларын ҰБТ-ға жеке дайындайды, оны біз білеміз», – деді ҰТО филиалы басшысы.
Ж.Сұлтанованың пікірінше, қосымша курстар оқушыға «жеткіліксіз білімін толықтыру» үшін емес, білімді барынша тереңдету және тест форматына машықтану, төселу үшін қажет. Бұл ретте мектеп бағдарламасы тұтастай алғанда арнайы дағды-машықтарды дамытуға емес, оқыту процесіне бағдарланған. Ал ҰБТ сұрақтарының басым бөлігі логикалық және сыни ойлауды талап етеді.
Соның кесірінен 11 жыл бойы бұған мән бермеген шәкірттердің ата-аналарына дәл мектеп бітіру қарсаңында репетиторларға миллиондаған қаржы жұмсауға, тестілеуге арнайы дайындалуға тура келеді екен. Олай болса, ҰБТ-дағы жоғары балл қарапайым мектеп оқушыларының орташа үлгерімінің көрсеткіші емес, нақты талапкерлердің жылдар бойғы нысаналы, мақсатты, тәртіпті әрі қарқынды дайындығының нәтижесі болып қала бермек.
Сүрінген тұяқ пен игерілмеген грант
Енді жүйе түбегейлі өзгерістер алдында тұр. Мысалы, ҰБТ-ны 4 рет емес, 1 рет тапсыру ұсынылды. Премьер-министрдің орынбасары –Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бүгінгі түлектердің есею кезеңіндегі, үлкен өмірге аттар алдындағы басты емтиханы – Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін трансформациялау қажетін мәлімдеді. Әңгіме білім сапасына басымдық беріп, талапкерлерді іріктеудің мүлдем жаңа кезеңіне көшу туралы. Ол жаһандық бәсеке мен еңбек нарығындағы серпінді жаңғырулар білім мен құзыреттілікті бағалау тәсілдерін де қайта қарауды талап ететінін атап өтті.
«Бүгінде білім беру трендтерінде, еңбек нарығында, құзыреттіліктер мен талаптар бойынша үлкен трансформация жүріп жатыр. Біз қазіргі жүйенің кемшіліктерін анықтап, түзетуіміз керек. Атап айтқанда, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі талапкерлерді сапалы іріктеу міндетін толық көлемде шеше алмай отыр. Сондай-ақ бүгінде ЖОО-лардың әр салаға бейімі бар нағыз таланттарды өз бетінше іздеп, іріктеу құқығы шектеулі. Бұл, ең алдымен, адами капиталды дамытудың басты драйвері, алтын діңгегі саналатын педагогикалық ЖОО-ларға қатысты. Осыған байланысты бірқатар шара қабылдау қажеттілігі туындады», – деді вице-премьер.
Ұсынылып отырған іс-шаралардың қатарында – ұстаздар ұясы болып табылатын педагогикалық ғылым ордаларына түсу кезінде тестілеу жүйесін де, арнайы емтихандарды да ұштастыратын аралас-гибридті бағалау жүйесін енгізу бар. Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарды таңдаған жастардың ҰБТ нәтижелерімен қатар, ауызша емтихандарының қорытындылары да ескеріледі. Мұндағы басты бағдар – талапкердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдыларын, сөйлеу мәдениеті арқылы білімінің терең әлде таяздығын бағалау болмақ. Бұл процесте халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тестілеу тапсырмаларына үлкен орын беріледі. Ол 2027 жылдан ҰБТ форматын өзгертудің іргетасын қалайды.
Бұдан бөлек, мемлекет дайындық бағдарламаларына (Foundation) шартты түрде қабылдау тәжірибесінен бас тартады. Ведомствоның мәліметінше, мұндай студенттердің 60%-ға жуығы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті деңгейден аса алмайды. Үкімет ҰБТ трансформациясы – жүйеден бас тарту емес, таланттарды нысаналы, жан-жақты және әділ іріктеуге жасалған қадам екенін нақтылады. Басқаша айтқанда, Қазақстан жастардың басым көпшілігіне жаппай жоғары білім беріп, қолақпандай диплом табыстауға енді тырыспайды. Тек дарындысы, білімдісі іріктеліп, ілгері озады. Қалғанына не ақылы оқу немесе колледж бітіріп, қарапайым жұмысшы мамандықтарын игеру қалмақ.
Бұл ретте аудиторлар өткен жылдардың өзінде мыңдаған грант талапкерлерге сол бойы таратылмағанын анықтады. Бұл үрдіс алда үдеуі де ықтимал. Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскиннің мәліметі бойынша, қазақстандық түлектердің үлкен бөлігі ҰБТ-ны айналып өтуге тырысады. Аудиторлардың тексерісі ЖОО жүйесінде қордаланған күрделі мәселелерді әшкереледі.
– Аудит жүргізілген кезеңде ЖОО-ларға жоспарлы бақылау іс жүзінде жүргізілмегені әшкереленді. Негізгі ақпараттық жүйелер өзара интеграцияланбаған. Білім алушылардың контингенті, гранттар, кредиттер мен мәртебелері бойынша мәліметтер негізінен қолмен енгізіледі. Бұл шетелдік жоғары оқу орындарынан ауысу арқылы ҰБТ талаптарын айналып өту фактілеріне соқтырды, – деді Каскин.
Кейбір түлек алдымен ҰБТ нәтижелерін талап етпейтін шетелдік, негізінен ресейлік университеттерге түсіп, артынша қазақстандық оқу орнына ауысатын жағдайлар тіркелген. Аудиторлардың ақпаратына жүгінсек, мысалы, бір ғана 2022 жылы инженерлік мамандықтар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (ІТ) бойынша 9 мыңнан астам грант игерілмей қалыпты. Аудиторлық палата мүшесі жыл сайын ЖОО-лар 20 мыңға жуық IT-маман шығаратынына, бірақ оның тек 30%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істейтініне назар аудартты.
Жалпы, 2026 жылы мектепті шамамен 215 мың түлек бітірген. «Жоғары білім беру жүйесі 2025-2026 оқу жылын тұрақты режимде тәмамдады. ҰБТ-ға қатысу үшін 239 мыңнан астам адам тіркелді, ішінде колледж түлектері мен өткен жылдардың мектеп бітірушілері де бар. Шамамен 200 мыңы биылғы түлектер. ҰБТ өткізу бойынша барлық мүдделі мемлекеттік органның үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілді», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтуде. Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады. 2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі ҰБТ-дан 100 мыңдай адам өтіп үлгерді. Аралық нәтиже көрсеткендей, әзірге талапкерлердің 63%-дан астамы шекті балл жинаған (алдыңғы аралық қорытындыда 65% болған). Бірақ түпкілікті қорытындысы шілдеде белгілі болады. Басты 5 пән бойынша орташа балл 63-ті құрады. Талапкерлердің 71%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 29%-ы орыс, 164-і ағылшын тілінде тапсырды.
Биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі өспеді. 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Оның 75 371-і – бакалавриатқа, 11 007-сі – магистратураға, 3 079 грант докторантураға арналған. Гранттардың 60%-ы қайтадан инженерлік-техникалық, ІТ және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталды. 21%-ы педагогикалық кадрларды даярлауға бөлінді.
Мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау 13-20 шілде аралығында өтеді. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады. Ал 28 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында ЖОО-ларда І курс студенттерін бейімдеу апталығы өтпек. Ел болашағының тұтқасы болар білікті кадрларды әділ іріктей алса ғана ҰБТ мемлекетіміздің стратегиялық дамуы мен серпінді жаңғыруының басты драйверіне айнала алады.
Айхан ШӘРІП
