Қазақстан астанасында Дүниежүзілік аккредиттеу күніне орай «Инновациялар, сенім және тұрақтылық: аккредиттеудің ықпалы» атты халықаралық форум өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдарының өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан мен Қытайдан келген делегаттар қатысты.
Форумда сәйкестікті бағалау үдерістерін цифрландыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Еуразияның ортақ нарығындағы өнім сапасын бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.
Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова сөз сөйлеп, аккредиттеудің бүгінде техникалық рәсім шеңберінен шығып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, халықаралық сауданы дамытудың және тұтынушылар құқығын қорғаудың маңызды тетігіне айналғанын атап өтті.
«Аккредиттеу бұрыннан бері сәйкестікті бағалаудың техникалық құралы ғана емес. Ол халықаралық сауданың, инвестициялық тартымдылықтың және мемлекеттің экономикалық орнықтылығының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Әрбір сертификаттың, сынақ хаттамасының және стандарттың артында адамдардың қауіпсіздігі, өмір сапасы мен тұтынушының сатып алған өніміне деген сенімі тұр. Халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, біз бақылаудан тәуекелдерді басқаруға және цифрлық қадағалауға негізделген жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшіп келеміз», – деді Айжан Бижанова.
Қазіргі таңда Қазақстанда 1700-ден астам аккредиттелген субъект жұмыс істейді. Ұлттық аккредиттеу жүйесі тұрақты түрде дамып, ауқымын кеңейтіп келеді.
Биыл Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдары басшылары кеңесіне төрағалық етіп, өзара сенімге негізделген бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру бастамаларын ілгерілетуде.
Форум барысында жабдықтары цифрлық жүйемен біріктірілген Smart Labs зертханаларын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Заманауи технологиялар сынақ нәтижелерін автоматты түрде жіберуге, көрсеткіштерді оператордың қатысуынсыз тіркеуге, барлық әрекеттің цифрлық ізін сақтауға және адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директоры Искандер Хамитов өңір елдері сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану мен сенім қалыптастыру бағытында ортақ ұстанымдарға бет бұрып отырғанын айтты.
«Қазақстан ұлттық аккредиттеу жүйесін дамыту, үдерістерді цифрландыру және халықаралық деңгейдегі сенімді нығайту жөнінде ауқымды міндеттер қойып қана қоймай, оларды нақты іске асырып келеді. Ашық ынтымақтастық пен сәйкестікті бағалаудағы бірыңғай тәсілдер ғана ЕАЭО кеңістігінде тұрақты әрі бәсекеге қабілетті ортақ нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», – деді Искандер Хамитов.
Форум соңында отандық сапа инфрақұрылымының халықаралық деңгейде танылуына және қазақстандық сертификаттарға деген сенімнің артуына үлес қосқан сала мамандары марапатталды.
