Ол Халыққа қызмет көрсету орталығынан жаңа туу туралы куәлігін алып, қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
36 жылдан кейін есімін өзгертті: алматылық әйел өзін Барселона деп атауды сұрады
143
оқылды

Алматы қаласының тұрғыны 36 жылдан кейін өз есімін өзгертіп, сәби кезінде қойылған алғашқы атын қайтарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол Халыққа қызмет көрсету орталығынан жаңа туу туралы куәлігін алып, қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Бұған дейін Айтолқын Айханова есімімен танылған әйел енді ресми түрде Барселона деп аталады. Оның айтуынша, бұл есімді оған дүниеге келген кезде атасы қойған. Алайда 40 күннен кейін ата-анасы есімін Айтолқын деп өзгерткен.

«Мені танитындар алғашқы есімімді біледі. Мені 40 күнге дейін Барселона деп атаған. Бұл есімді маған атам қойған еді. Осы жаста өмірімдегі маңызды шешімдердің бірін қабылдап, өзімнің алғашқы есімімді қайтаруды жөн көрдім. Енді мені Барселона деп атаңыздар», – деді ол.

Барселонаның айтуынша, атасы балалары мен немерелеріне әлемдік спорт додалары өткен қалалардың атауын беру дәстүрін ұстанған. Ол 1992 жылғы Олимпиада ойындары өткен Барселона қаласының құрметіне аталған.

 

Отбасындағы ерекше есімдер мұнымен шектелмейді. Әйелдің үлкен ағасының есімі – Сеул, інісінің есімі – Сидней, ал жиен қарындасына Токио есімі берілген.