Орал қаласында эвакуатордың көмегімен көршісінің көлігін ұрлап кетті деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұрланған автокөлік иесіне қайтарылды, деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті.
Ведомство мәліметінше, полицейлер құны шамамен 8,5 миллион теңге болатын Toyota Camry автокөлігін тауып, заңды иесіне тапсырған.
Тергеу барысында күдіктінің үй ауласында тұрған көліктің есігі құлыпталмағанын байқап, кейін эвакуатор жалдап, автокөлікті алып кеткені анықталды.
Ұрланған көлік қала маңынан табылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Оның әрекеттері Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Полиция азаматтарды жеке мүліктің қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырады. Тәртіп сақшылары көлік иелеріне автокөліктің есігін әрдайым құлыптап, кілтті салонда қалдырмауды және қосымша қорғаныс құралдарын пайдалануды ұсынды.
