Мамандардың пікірінше, қазіргі заманғы соққы беруші дрондар төмен биіктікте ұшатындықтан, дәстүрлі радарлар оларды дер кезінде анықтай алмайды
Румынияға құлаған ресейлік дрон НАТО-ның осал тұсын көрсетті – Bloomberg
134
оқылды

Ресейдің соққы беруші ұшқышсыз ұшағының Румыниядағы тұрғын үйге құлауы Еуропаның дрондар соғысына әлі де толық дайын емес екенін көрсетті. Bloomberg агенттігінің жазуынша, Украинамен шекарадан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан Галац қаласында болған оқиға салдарынан әйел адам мен оның 14 жастағы баласы жарақат алған. Румыния билігі бұл жағдайды Мәскеу тарапынан жасалған «елеулі әрі жауапсыз эскалация» деп бағалады.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы бері Еуроодақ пен НАТО елдерінің әуе кеңістігіне дрондардың енуі жиілеген. Румыния толық ауқымды соғыс басталғалы бері осындай 47 жағдайды тіркеген. Бұған ұқсас оқиғалар Польша, Финляндия, Латвия, Литва және Эстонияда да болған. НАТО Бас хатшысының бұрынғы орынбасары мұндай жағдайлар Альянстың шығыс қанатындағы қорғаныс жүйесінде әлсіз тұстар бар екенін көрсететінін айтты.

Мамандардың пікірінше, қазіргі заманғы соққы беруші дрондар төмен биіктікте ұшатындықтан, дәстүрлі радарлар оларды дер кезінде анықтай алмайды. Румыния әскері Галацқа құлаған дронның радар арқылы анықталғанын және F-16 жойғыштары көтерілгенін хабарлады. Алайда аппарат өте төмен биіктікке түсіп кеткендіктен, оны ұстап қалу мүмкін болмаған. Румынияның уақытша премьер-министрі елдің қорғаныс мүмкіндігі қолда бар техникалық жабдықтардың деңгейімен шектелетінін мәлімдеді.