Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында министр Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Қазақстанда балаларға медициналық көмектің жаңа моделі енгізіледі
95
оқылды

Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсетудің жаңа гибридті моделі кезең-кезеңімен енгізіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа модель педиатрлар мен жалпы практика дәрігерлерінің жұмысын үйлестіруге негізделген. Сонымен қатар елдегі барлық педиатриялық учаскелер сақталады. Қазіргі таңда олардың саны шамамен 1300 болса, МСАК желісіндегі учаскелердің жалпы саны 13 375-ті құрайды.

Министрдің айтуынша, реформа азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осыған байланысты халықаралық тәжірибе зерделеніп, пациенттердің қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылданады.

Пилоттық жоба аясында балаларға медициналық көмектің аралас жүйесі сәтті қолданылып жүрген елдердің тәжірибесіне негізделген гибридті модель сынақтан өтеді. Жаңа тәсіл бойынша педиатрлар ерте жастағы балалардың денсаулығын бақылауға және күрделі клиникалық жағдайларды жүргізуге басымдық алады.

Сондай-ақ педиатрларды ынталандыру үшін қосымша үстемақылар мен қолдау шараларын қамтитын жаңа жүйе енгізіледі.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалпы практика дәрігерлерін даярлау тәжірибеге бағдарланған форматқа көшеді. Оқыту барысында негізгі назар стационарлардан медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына ауыстырылады.

Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 7 миллион бала тұрады. Бұл – ел халқының 34 пайызы. Соңғы он жылда балалар саны 1,5 миллионға артқан.