Биылғы форум ерекше тарихи әрі мазмұндық мәнге ие болды.
Жасанды интеллект дәуірінің жас көшбасшылары: Астанада 385 оқушы ғылыми жобасын таныстырды
158
оқылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуірі: ІІ Жас зерттеушілер форумы» өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Биылғы форум ерекше тарихи әрі мазмұндық мәнге ие болды. Іс-шара Қазақстан ғылымының қара шаңырағы – Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойымен, Академияның құрылған күні – 1 маусыммен және Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді.

Бұл форум — ғылымға, зерттеу мен инновациялық қызметке қызығушылық танытқан мектеп оқушыларын біріктіретін бірегей алаң. Форумның басты мақсаты – еліміздің әр өңірінен келген дарынды мектеп оқушыларының ғылыми ізденістерін қолдау, жасанды интеллект және заманауи технологиялар бағытындағы жобаларын таныстыру, оқушылар арасында ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттыру болды.

Аталған іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрінің құттықтау сөзін жеткізу мақсатында Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Евгеньевич Компаниец, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев, Академияның экс-президенттері, құрметті академиктер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, еліміздің жетекші ғалымдары, жас зерттеушілер мен білім саласының мамандары қатысты. Сондай-ақ форумға еліміздің 13 өңірінен, соның ішінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан келген 385 оқушы қатысты. Жалпы форумға 35 мектептің дарынды оқушылары мен олардың ғылыми жетекшілері қатысты.

Форумның негізгі тақырыбы – жасанды интеллект дәуіріндегі жас зерттеушілердің рөлі. Қазіргі кезеңде жасанды интеллект білім беру, ғылым, медицина, өндіріс, экология, ауыл шаруашылығы және күнделікті өмірдің барлық саласына қарқынды еніп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың ғылыми ойлауын дамыту, жаңа технологияларды саналы әрі жауапты қолдануға баулу – ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндет.

Форумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев құттықтау сөз сөйледі. Академия президенті өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды жасанды интеллект пен цифрландыру жылы деп жариялауы ғылым саласына жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол форумның 1 маусым күні өтуінің айрықша символдық мәні бар екенін жеткізді: бұл күн – балалар мерекесі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Ғылым академиясының құрылған күні.

А.Күрішбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Академия отандық ғылым саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстың негізгі басымдықтарының бірі – жастарды ғылымға тарту, ғылыми кадрларды даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру. Академия жанынан Жас ғалымдар кеңесі мен Жас зерттеушілер академиясының құрылуы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде атап өтілді. Сонымен қатар ҚР ҰҒА президенті жас ғалымдар мен жас зерттеушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Академиктің айтуынша, қысқа мерзім ішінде Жас ғалымдар кеңесі мен Жас зерттеушілер академиясы жас таланттарды қолдау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып, бірқатар бағдарламалар мен бастамаларды іске асыруға белсенді атсалысты. «Бүгінгі форум аясында оқушылардың ғылыми әзірлемелерінің көрмесі жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», — деді Ақылбек Қажығұлұлы.

Форум барысында оқушылар өздерінің ғылыми және инновациялық жобаларын таныстырды. Жас зерттеушілер жасанды интеллект, цифрлық білім беру платформалары, машиналық оқыту, робототехника, биомедицина, энергетика, экологиялық технологиялар және басқа да өзекті бағыттар бойынша әзірлеген жобаларын ұсынды.

Атап айтқанда, форумда «Қаныш Сәтбаев мұрасы және жас ұрпақ», балаларға арналған нейрожүйе конструкторы, жасанды интеллект негізінде астероидтық қатерлерді ерте анықтау жүйесі, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін машиналық оқыту модельдері арқылы болжау, KazLib білім беру платформасы, микробтық отын элементтерін ЖИ көмегімен модельдеу, Arduino UNO базасында өрт сөндіргіш робот жасау сынды жобалар таныстырылды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған академиктері мен шетелдік мүшелері ғылыми қауымдастыққа ресми таныстырылып, дипломдары мен төсбелгілері салтанатты түрде табысталды. Бұл рәсім жас зерттеушілер мен ғылым корифейлері арасындағы сабақтастықты нығайтып, ғылымдағы буынаралық байланыстың маңызын айқындады.

Сонымен қатар форум барысында ҚР ҰҒА 80 жылдық мерейтойлық төсбелгілері табысталып, ғылымды дамытуға, ғылыми кадрларды даярлауға және отандық ғылыми әлеуетті нығайтуға елеулі үлес қосқан ғалымдар марапатталды.

Форум аясында жас зерттеушілердің ғылыми жобалары, баяндамалары және шығармашылық жұмыстары бағаланып, үздік қатысушылар марапатталды. Сондай-ақ ғылыми-фантастикалық комикстер конкурсының жеңімпаздары мен «Жас Қаныш» республикалық оқушылар байқауының жүлдегерлері атап өтілді.

Ұлттық ғылым академиясы үшін бұл форум – жас ұрпақты ғылымға жетелейтін, оқушылар мен академиктер арасындағы ғылыми сабақтастықты нығайтатын маңызды алаң. Академияның 80 жылдық тарихы – отандық ғылымның қалыптасу, даму және жаңару жолы болса, бүгінгі жас зерттеушілер – сол үлкен ғылыми дәстүрді болашаққа жалғайтын жаңа буын.

Аталған шараның бас демеушісі – жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттыруға және дарынды оқушылардың әлеуетін қолдауға үлес қосып келе жатқан ZHANYKULOV FOUNDATION қоры.