Премьер-министр Олжас Бектенов Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, сондай-ақ Бас прокуратура, Әділет, Оқу-ағарту, Жасанды интеллект және цифрландыру министрліктерінің басшылығы, бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

Отырыс барысында есірткі қылмысымен күрес, цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, заңсыз есірткі айналымына қарсы тетіктерді жетілдіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың және жастардың есірткі қылмысына тартылуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды. Бұл ретте жаз мезгіліндегі профилактикалық шараларға ерекше назар аударылды.
Олжас Бектенов есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтіп, есірткі таратуға қарсы заманауи тәсілдерді ескере отырып, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейту қажет екенін баса айтты.
«Ұлттың өмірі мен денсаулығы, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесі жаңа Конституцияда жоғары құндылықтар ретінде бекітілген. Осы орайда есірткіні тарату мен қолдану
– барлық азаматқа қатер төндіреді, әсіресе жастардың болашағына балта шабады»,-деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында 71 іс-шара жүзеге асырылғанын баяндады. Нәтижесінде:
1,2 мыңнан астам есірткі қылмысының жолы кесілді;
6 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топ жойылды;
«Киберқадағалау» жүйесі арқылы 5 мың интернет-ресурс бұғатталды;
антифрод орталығының көмегімен 100 млн теңгеден астам сомаға транзакциялар тоқтатылды;
бір жарым тоннаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, сондай-ақ 11 мыңнан астам прекурсор (әлеуетті 1,5 мың синтетикалық есірткі) тәркіленді;
күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты 100-ге жуық дерек анықталды;
құрамында азот тотығы бар, «көңілді көтеретін газ» атауымен белгілі 1,5 мыңнан астам баллон және 2 автоцистерна тәркіленді.
