Мұндағы басты мақсат – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, оларға жан-жақты қолдау көрсету. Сондай-ақ жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін қайырымдылық іс-шара барысында балалардың құқығы мен әл-ауқатын арттыру мәселесіне баса назар аударылды.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, бұл – жүрегі таза, арманы асқақ балаларға қамқорлық көрсетіп, мейірімді еселей түсетін күн.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, өскелең ұрпақтың бақытты балалық шағы мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ жалпыұлттық міндет. Елімізде балалардың игілігі үшін ауқымды реформалар мен бірегей жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жақсы білесіздер. Әр баланың жеке шотына инвестициялық табыстың 50 пайызы тұрақты түрде аударылып келеді. Бұл – балалардың білім алуына, болашағына жасалған инвестиция. Сонымен қатар биылдан бастап елімізде «Қазақстан балалары» 2026-2030 ұлттық бағдарламасы іске қосылды», – деді ол.
Сондай-ақ Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы балалардың жарқын болашағын қамтамасыз ету жолында байыпты бастамаларды қолға алып, мазмұнды жобаларды жүйелі жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Соның бірі – ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған «Кедергісіз келешек» жобасы. Бұл жоба арқылы инклюзивті орта қалыптастыру, балалардың білім мен қоғамға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыс жүргізілуде. Бұдан бөлек, партияның «Арман ағашы» жобасы да бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап келеді.
Өз кезегінде, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова балалардың арманына қанат бітіру мәселесі аса маңызды екенін мәлімдеді.
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты балаларға ерекше көңіл бөледі. Еліміздің барлық өңіріндегі филиалдарымыз балаларға арналған кешенді іс-шаралар ұйымдастырады. Биыл да осы игі дәстүріміз өз жалғасын табуда. Рухтастармен бірге әр баланың арманына қанат бітіргіміз келеді. «Жастар Рухы» алдағы уақытта да балаларға қолдау көрсету бағытындағы әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыра береді. Себебі балалардың әл-ауқаты мен жарқын болашағы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі», – деді ол.
Іргелі іс-шара барысында балаларға арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар аниматорлардың қатысуымен бүлдіршіндерге арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының аймақтардағы филиалдары да еліміздің түкпір-түкпірінде балаларға әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізуде.
Тілек ҚАБЫЛ
