Бір кездері қоғамдық қарым-қатынастың өзегінде тұрған «ұят», «сауап», «обал» сияқты ұғымдар бүгінде жеке еркіндік пен прагматикалық ойлаумен қатар өмір сүруде. Осы өзгерістер аясында мәдениет пен адам болмысы қалай өзгеріп жатыр деген сұрақ өзекті бола түседі. Бұл орайда біз мәдениеттанушы, фарабитанушы Қуаныш Нұрыбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Сіз қазіргі мәдени қабаттарды қалай сипаттар едіңіз? Дәстүрлі, қалалық және цифрлық мәдениет арасында үйлесім бар ма, әлде ішкі қайшылықтар басым ба?
– Жалпы, қазақ қоғамындағы мәдени қабаттарды бірнеше деңгейде қарастыруға болады. Біріншісі – дәстүрлі мәдениет. Бұл, ең алдымен, отбасылық құндылықтар, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жиынтығы. Сонымен қатар бұл қабатта қоғамның әлеуметтік көзқарастары мен дүниетанымы да қалыптасады. Дәстүрлі мәдениет – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан тарихи үдеріс. Екінші қабат – қалалық мәдениет. Бұл да тамыры тереңде жатқан құбылыс. Тіпті, «қала» ұғымының өзі араб тілінде «мәдениет» ұғымымен астасып жатыр. Бұл жөнінде Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатында» кеңінен айтылады. Қалалық мәдениеттің басты белгілерінің бірі – уақытты тиімді пайдалану, сондай-ақ жеке тұлғаның, яғни индивидтің өзіндік көзқарасын қалыптастыру. Урбанистік мәдениетте адамның өмір салты, дүниетанымы мен құндылықтары өзгеше сипат алады. Ал үшінші қабат – цифрлық мәдениет. Бұл – қазіргі өркениеттің ажырамас бөлігі, тіпті өзіндік «тілі» деуге болады. Жаһандану дәуірінде цифрлық мәдениет адамдар арасындағы қарым-қатынасты жеделдетіп, коммуникацияны жаңа деңгейге көтерді. Интернет кеңістігі ақпарат алмасудың, ой бөлісудің негізгі алаңына айналды.
Бүгінде дәстүрлі мәдениетті заманауи форматта қайта жаңғыртып жатқан үрдістерді байқаймыз. Мысалы, домбыра күйлерін, қолөнер туындыларын цифрландыру кеңінен қолға алынуда. Бұл – мәдени синтездің көрінісі. Яғни әртүрлі мәдени қабат бір-бірімен қайшылыққа түспей, керісінше, өзара ықпалдасып, жаңа сапада дамып жатыр. Сондықтан қазіргі қоғамдағы мәдени қабаттар арасында қайшылық бар деп кесіп айту қиын. Керісінше, мәдениеттердің өзара кірігуі, бірін-бірі толықтыруы басым. Егер мәдени қабаттарды қоғам дамуының тарихи кезеңдерімен салыстыратын болсақ, бұл мәселені тереңірек түсінуге болады. Мәселен, философ Шпенглер «Еуропаның күйреуі» еңбегінде мәдениеттің әртүрлі кезеңін сипаттайды. Оның ішінде наным-сенімдер үстемдік еткен мифологиялық кезең, белгілі бір идеяларға негізделген феодалдық және қазіргі капиталистік қоғам кезеңдері айтылады. Осы тұрғыдан алғанда, мәдени қабаттар да қоғамның тарихи дамуымен тығыз байланысты.
– Бұрын қазақ қоғамында «аманат», «сенім», «обал», «ұят», «үміт» сияқты ұғымдардың салмағы өте ауыр еді. Бұл түсініктер рухани-этикалық қарым-қатынастың өзегінде тұрды. Қазір прагматикалық құндылықтар алға шықты. Ендігі жерде біздің қанша ғасырдан бері күшін жоймаған негізгі ұғымдарымыздың салмағы әлсірей бере ме?
– Егер тарихи тұрғыдан қарасақ, Қазақ хандығы кезеңінде қоғам әулеттік-рулық құрылымға негізделді. Адамдар қауымдасып өмір сүрді, сондықтан бір адамның әрекеті тұтас әулетке әсер ететін. Біреу біреуге қиянат жасаса, ол бүкіл рудың абыройына нұқсан келтіретін. Сол себепті «аманат», «ұят», «обал», «сенім» сияқты ұғымдар қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі тетіктердің бірі болды. Ал қазіргі қоғамда әр адам өз болмысына, жеке көзқарасына сүйеніп өмір сүреді. Бұл – заманның табиғи өзгерісі. Бүгінгі адамды бұрынғы өлшемдермен ғана бағалау немесе сол ұғымдарға толық сай өмір сүрмеді деп кінәлау дұрыс бола бермейді. Керісінше, адамдар өз мүмкіндіктерін танып, жетістікке жетудің жолдарын іздей бастады. Мәселен, ежелгі ойшыл Марк Цицерон еңбектерінде «Егінді күтпесең, өнім бермейді. Жанды күтпесең, ол да саған қызмет етпейді» деген мазмұндағы ой айтылады. Яғни, адамның ішкі дүниесіне күтім жасау – философиялық мәдениеттің өзегі. Бүгінгі қоғамда бұл ұстаным айқын көрініс тауып отыр. Адам өз уақыты мен жеке кеңістігін бағалайды, қажет кезде «жоқ» деп айтуға да үйренді. Бұрын мұндай әрекет «ұят» саналғанымен, қазір ол жеке шекараны сақтау ретінде қабылданады. Әрине, бұл жерде қайшылықтар да жоқ емес. Кейде адамға жасаған жүз жақсылық ұмытылып, бір ғана орындалмаған өтініш алға шығып кететін жағдайлар кездеседі. Бұл – құндылықтар трансформациясының бір көрінісі. Дегенмен қазіргі қоғамды тек қорқыныш немесе тыйым арқылы мысалы, «обал болады», «ұят болады» деп басқару мүмкін емес. Оның орнына адамдарда ішкі этикалық жауапкершілік қалыптасуға тиіс. Яғни әр адам өз-өзіне «Менің әрекетім адамгершілікке сай ма?», «Мен біреуге көмектесе алмадым, бұл қаншалықты дұрыс?» деген сұрақтарды қоя білуі керек. Бұл – ішкі моральдық өлшемнің қалыптасуы. Көптеген мәдениеттанушы да осыны айтады. Мысалы, Эдвард Тайлор «мәдениет дамуы мүмкін, бірақ оның шынайы гүлденуі жеке тұлғаның дамуымен тікелей байланысты» екенін атап өтеді. Яғни қоғамдағы әр адам өзінің этикалық жауапкершілігін түсінген кезде ғана мәдениет жаңа деңгейге көтеріледі.
– Сонда жеке адамның құқығы мен жауапкершілігі алдыңғы орынға шыққан кезеңді мәдениеттің жаңа «гүлдену дәуірі» деп айтуға бола ма?
– Бұл өте маңызды сұрақ. Тарихқа көз жүгіртсек, мәдениеттің «алтын ғасыры» ретінде орта ғасырлар жиі аталады. Дәл осы кезеңде Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Бируни сынды ұлы ойшылдар шықты. Олар қоғам мен адам арасындағы үйлесімділікті терең зерттеді. Ал бүгінде индивидтің даму деңгейі күн тәртібіне шықты. Адам өзінің ішкі дүниесінде мәдени құндылықтарды қаншалықты үйлестіре алады? Басты сұрақ – осы. Жалпы, америкалық ғалымдардың пікірінше, мәдениет – адамдардың жетістіктерінің жиынтығы. Демек, әр адам өз мүмкіндігінше қоғамға пайда әкелуге ұмтылғанда ғана мәдени даму жүзеге асады. Бұл тұрғыда әл-Фараби де әр адам белгілі бір кәсіпті меңгеріп, өз ісін жетілдіруі керек екенін айтады. Яғни дәстүр мен сабақтастық сақталуы тиіс, бірақ сонымен қатар адам өз қызығушылығын дамытып, кәсіби тұрғыда өсіп, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуы қажет.

© коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
Қалалық ортада өмір сүретін адамдар үшін де бір-бірімен үйлесімді өмір сүру маңызды. Ал «аманат», «сенім», «ұят» сияқты ұғымдар қазақ болмысының ажырамас бөлігі ретінде әлі де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Біз бұл құндылықтардан толықтай алыстап кете алмаймыз. Өйткені қазақ қоғамы тарихи тұрғыда көшпелі өркениетке негізделген. Дала заңында әр адам өз сөзі мен ісіне жауап беруге тиіс болған. Бұл қағида ислам өркениетімен де үндеседі. Исламда да адамның әрекеті мен ниетінің тазалығы, өзгеге зиян келтірмеуі – басты құндылықтардың бірі. Сондықтан адам өмірде өз абыройына нұқсан келтірмей, өзгелерге күмән тудырмайтындай өмір сүруі қажет. Бұл – этикалық мәдениеттің негізі. Жалпы, көшпелі қазақ қоғамы табиғатпен етене өмір сүргендіктен, «сенім», «аманат» сияқты ұғымдардың мәнін терең түсінді. Тіпті, жаугершілік замандардың өзінде сөзге беріктік, уәдеге адалдық ерекше бағаланған. Мысалы, Абылай хан туралы аңыздарда оның уәдеге берік, сенімге адал тұлға болғаны айтылады. Қазақ қоғамында өтірік айту, алдау – қатаң айыпталған. Сондықтан халықтың аңғалдығы да белгілі бір деңгейде осы сенімге негізделген дүниетанымнан туындаған деуге болады.
– Қазіргі заманда ақпараттың шамадан тыс көптігі адам санасын кеңейтіп, еркіндігін арттырып жатыр ма, әлде керісінше, сананы көмескілендіріп, таңдау еркіндігін шектей ме? Жалпы, мәдениеттанушы ретінде қоғамымыздың ақпарат тұтыну деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қазіргі қоғамда ақпараттың шамадан тыс көптігі айқын байқалады. Бірақ мәселе біздің сол ақпаратты тиімді игере алмауымызда. Яғни біз ақпараттық ағынға ілескенімізбен, оны сұрыптау, жүйелеу мәдениеті әлі толық қалыптасқан жоқ. Мысалы, бүгінде білім алуға арналған түрлі мүмкіндік бар. Университеттер, кітапханалар, электронды ресурстар. Әлемде оқу мәдениеті цифрлық форматқа белсенді көшіп жатыр. Соның ішінде электронды кітап құрылғылары – соның айқын дәлелі. Мәселен, Amazon Kindle сияқты құрылғылар оқу процесін жеңілдетіп, бір құрылғыға жүздеген кітапты жинақтауға мүмкіндік береді. Мұндай технологиялар шетелдік жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылады. Ал бізде бұл үрдіс әлі толық енгізілмеген. Университеттер осындай құрылғыларды студенттерге ұсынып, жалға беру жүйесін дамытса, білім сапасына оң әсерін тигізер еді. Өйткені қазіргі студенттер көбіне ақпаратты телефон арқылы қабылдайды, ал арнайы оқу құрылғылары білімді тереңірек игеруге мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа технологияларға инвестиция жасау – білім мен ғылымға салынған инвестиция. Алғашында қымбат көрінгенімен, ұзақ мерзімде өзін толық ақтайды. Бұл бағытта Джефф Безос негізін қалаған цифрлық кітап индустриясының тәжірибесі де соны көрсетеді.
Енді ақпараттың адам психологиясына әсеріне келсек, бұл жерде екіжақты үрдіс бар. Бір жағынан, ақпараттың көптігі адамның таңдау мүмкіндігін арттырады, талғамын қалыптастырады, сапалы контентті іздеуге ынталандырады. Яғни бұл – еркіндіктің бір көрінісі. Екінші жағынан, ақпараттың шектен тыс көп болуы оның мазмұнын үстірт қабылдауға әкелуі мүмкін. Қазіргі заманда адамдар жылдам, қысқа ақпаратқа үйреніп барады. Тіпті, кейде жасанды интеллект құралдары арқылы жедел мәлімет алып, терең талдауға уақыт бөлмейді. Соның салдарынан ақпараттың мәні мен мазмұны көмескіленіп кетуі ықтимал. Сондықтан бұл жерде ең маңыздысы – ақпаратты тұтыну мәдениеті. Әр адам өзіне қажет, сапалы ақпаратты іріктеп алуға дағдылануы тиіс. Кейбір адамдар ақпарат көп болғанымен, тек өз бағытына сай мәліметті ғана қабылдайды. Ал кейбіреулер керісінше, қажетсіз ақпаратқа да уақытын жұмсайды. Ғалымдардың айтуынша, қоғамдағы кез келген құбылыс бір-бірімен өзара байланысты. Сондықтан ақпараттық ағынды тек қауіп ретінде емес, мүмкіндік ретінде де қарастыру қажет. Ең бастысы – әр адам өз ісінің маманы болып, өзіне қажетті ақпаратты тиімді пайдалана білуі тиіс. Яғни ақпараттың көптігі өздігінен не жақсы, не жаман құбылыс емес. Ол – құрал. Ал оның адамға қалай әсер ететіні сол адамның мәдени деңгейіне, талғамына және өмірлік бағытына байланысты.
– Қазір көпшілік тыңдайтын музыкада анайы, жеңіл-желпі, мағынасы жұтаң дүниелер көбейгені байқалады. Бұл қоғамның мәдени талғамының көрсеткіші бола ала ма?
– Музыка мәселесіне тереңірек қарасақ, Әбу Насыр әл-Фараби музыканы бірнеше қызметіне қарай жіктеген. Оның айтуынша, музыка біріншіден, адамға ләззат сыйлайды, екіншіден, белгілі бір сезімге жетелеп, құмарлық оятуы мүмкін, үшіншіден, адам жанын сергітіп, рухани тепе-теңдікке жеткізеді. Алайда кез келген музыканың әсері оның мөлшеріне, мазмұнына байланысты. Кей жағдайда музыка адамды шабыттандырудың орнына, керісінше, оны бейжай күйге түсіріп, қиял әлеміне жетелеп әкетуі де мүмкін.
Сондықтан ең басты мәселе – талғам. Қазіргі жастар музыкалық талғамға өте зерек болуы керек. Әр нәрсенің өз уақыты, өз шегі бар. Бізде кейде музыка тұтыну да шектен шығып кетеді. Таңнан кешке дейін үздіксіз музыка тыңдау әдетке айналған. Әл-Фараби өз еңбектерінде музыканы белгілі бір күйде, шабыт келген сәтте ғана тыңдағанын жазады. Яғни ол музыканы мақсатсыз тұтынуды емес, оны рухани құрал ретінде пайдалануды ұсынады.

Бүгінде жағдай өзгерді. Технология дамыған сайын кез келген адам ән шығарып, сахнаға шыға алатын деңгейге жетті. Музыка жанрлары көбейді, бірақ сонымен бірге сапа мәселесі де өзекті бола бастады. Біз Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал сияқты дәстүрлі ән өнерінің өкілдерін тыңдап өскен халықпыз. Бұл терең мағынаға, көркемдікке құрылған мәдени мұра. Ал қазіргі кейбір жеңіл әндермен салыстырғанда айырмашылық айқын көрінеді. Әйтсе де, бұл құбылысты біржақты «мәдениеттің төмендеуі» деп айту да дұрыс емес. Мұнда жаһандану, нарық, аудитория сұранысы сияқты факторлар да бар. Мысалы, әлемдік деңгейдегі шоу-бизнес қалай жұмыс істейтінін қарасақ, Дженнифер Лопес сияқты әртістердің табысы тек әнмен емес, кәсіби продюсерлік, имидж, өзін-өзі күту мәдениетімен де байланысты. Сондықтан бізге де тек сын айту емес, үйрену керек. Өзіміздің дәстүрлі әндерді заманауи форматта ұсыну, сапалы контент жасау, ұлттық музыканы жаңғырту маңызды. Жақсы әндердің насихаты көбейген сайын талғам да қалыптасады. Тіпті, Әбу Насыр әл-Фараби еңбектері негізінде деректі фильмдер, көркем туындылар түсіріп, музыканың философиясын кеңінен насихаттауға болады. Музыка – тек ойын-сауық емес, ол ойланудың, рухани емнің бір құралы.
– Әл-Фараби адамның кемелденуін ішкі тәрбие мен ақыл мәдениеті арқылы түсіндірген. Ал қазіргі қоғамда керісінше, адамның сыртқы бейнесі алдыңғы орынға шыққандай. Әлеуметтік желілердегі «көріну» мәдениеті «болудан» маңыздырақ болып кеткен жоқ па? Бұл үрдіс қанша уақытқа созылады?
– Бұл – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Расында да, бүгінгі күні «көріну» феномені күшейіп келеді. Әлеуметтік желілерде адам өзін көрсетуге, аудитория жинауға ұмтылады. Бұл белгілі бір деңгейде қажет құбылыс. Мысалы, спортшылар немесе өнер адамдары үшін әлеуметтік желі – кәсіби құрал. Алайда мәселе адамның ішкі мазмұнына жеткілікті көңіл бөлінбеуінде. Әбу Насыр әл-Фараби «Ізгі қала» ілімінде ең алдымен адамның жан дүниесінің тазалығына мән береді. Ал біз көбіне сыртқы формаға көбірек назар аударып кетеміз. Әл-Фараби адамның әрекетінде де «орта жолды» ұстануды ұсынады. Яғни шамадан тыс еңбек ету де, мүлде әрекетсіздік те – екеуі де адамға зиян. Бұл қағида қазіргі өмірге де дәл келеді. Бүгінде көптеген адам өзіне шамадан тыс жүк артады. «Бәрін бүгін бітіру керек», «тез жетістікке жету керек» деген стереотиптер бар. Бұл адамды күйзеліске түсіреді. Ал кейбіреулер керісінше, әлеуметтік желідегі «әдемі өмірге» қарап, өз өмірін салыстырып, ішкі қысымға түседі.
– Сонда адам әлеуметтік желінің қысымына қалай төтеп береді немесе сол қысымнан қалай қорғану керек?
– Мұндай жағдайда қорғанудың ең тиімді жолы – адамның өз мақсатын айқын білуі. Себебі адамды біріктіретін де, бағыттайтын да – мақсат. Әл-Фараби ілімінде тағы бір маңызды ой бар. Адам өзін танымайынша, өзгені тани алмайды. Яғни адам ең алдымен өзінің мүмкіндігін, шекарасын, құндылығын түсінуі керек. Өз құнын білетін адам – бұл жауһар, нұр. Сондай-ақ «жоқ» деп айта білу – қазіргі замандағы маңызды дағдының бірі. Көп жағдайда адамдар ұялып, өз шекарасын қорғай алмай жатады. Жалпы, адамның жан дүниесі – оның қорғаны. Егер адам өзінің ішкі әлемін күтіп, эмоциялық күйін бақылап отырса, сыртқы әсерлерге төзімді болады. Сондықтан «көріну» мәдениеті толық жойылып кетпейді, бұл – заман талабы. Бірақ уақыт өте келе адамдар мазмұнға қайта оралады. Себебі сыртқы форманы ұзақ мерзімде пайдалану жеткіліксіз. Ең бастысы, әр адам өзінің рухани дамуына көңіл бөліп, ішкі мәдениетін жетілдіруі керек деп ойлаймын. Сонда ғана біз шынайы мағынадағы «ізгі қоғамға» жақындай аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл СЕЙІЛ
