Атырауда 8-сынып оқушысының соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қоғамның назарын аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жасөспірімнің анасының айтуынша, 29 мамыр күні оның ұлын алдап пәтерге шақырып, бірнеше сағат бойы ұстап отырған.
– Баламды сағат 15:00 шамасында пәтерге кіргізіп, кешкі сағат 18:00-ге дейін шығармаған. Сол уақыт аралығында тоғыз жасөспірім кезек-кезек ұрып-соққан, – дейді ол.
Әйел оқиғадан кейін жанжалға қатысушыларды өз күшімен іздеуге мәжбүр болып, сот-медициналық сараптама бірден тағайындалмағанын мәлімдеді.
Атырау облыстық Полиция департаментінің дерегінше, құқықбұзушылыққа қатысы бар барлық жасөспірім анықталған.
– Атырау қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері құқықбұзушылыққа жол берген 15-16 жастағы барлық тұлғаны анықтап, заңды өкілдерімен бірге полиция басқармасына жеткізді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметіне сәйкес, құқықбұзушылық жасаған жасөспірімдер ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның қарауына жолданады.
Ал олардың ата-аналары бала тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
