Көкшетау қаласында 1 маусым – Балаларды қорғау күні қайғылы оқиғамен есте қалды. Абылай хан даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 7 жастағы бала ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2019 жылы туған бала подъездің баспалдақ алаңында ойнап жүрген. Сол кезде ол төртінші және екінші қабаттардың арасындағы ашық аралыққа құлап кеткен.
Оқиға салдарынан бала басынан жарақат алып, жедел түрде Ақмола облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек Көкшетау қалалық Полиция басқармасында тіркелгенін хабарлады.
– Алдын ала анықталғандай, кәмелетке толмаған бала тұрғын үй подъезінде құлау салдарынан жарақат алған. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – делінген ведомство мәліметінде.
Ал Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты.
– Бала есін біледі. Жағдайы – орташа ауырлық дәрежесінде. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология бөлімінде стационарлық ем қабылдап жатыр. Науқасты нейрохирург маман бақылауда ұстап отыр, – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталу үстінде.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
