Құрылыс жұмысы толық көлемде орындалмаған, нысандар пайдалануға берілмеген.
"211 миллион теңге": Көкшетауда бюджет қаржысын жымқырған құрылыс компаниясының басшысы ұсталды
www.istockphoto.com
396
оқылды

Көкшетау қаласында 211 миллион теңге жымқырған құрылыс компаниясының басшысы қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Көкшетау қаласындағы құрылыс жобаларын іске асыру кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізген.

Нәтижесінде, 2021 жылғы желтоқсанда Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі ММ мен «Айдана-ИК» ЖШС арасында әлеуметтік осал топтарға арналған көппәтерлі тұрғын үйлер салу жөнінде 1 млрд теңгеден асатын сомаға келісімшарт жасағанын анықтады.

– Мердігер аванстық төлемдерді алу үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бойынша жалған шарттарды ұсынған. Кейін тапсырыс беруші тарапынан ЖШС-на 211 млн теңге көлемінде қаражат аударған. Алайда құрылыс жұмыстары толық көлемде орындалмаған. Нәтижесінде, нысандар пайдалануға берілмеген. Алынған бюджет қаражаты жеке қажеттіліктерге, контрагенттермен есеп айырысуға, сондай-ақ қолма-қол ақшаға айналдырылуға жұмсалған. Күдікті қамауға алынды, – деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оның айтуынша, тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.