Сот оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген.
ҚТЖ Алматы вагон пайдалану депосының басшысы ұсталғанына байланысты мәлімдеме жасады
www.istockphoto.com
127
оқылды

Алматы вагон пайдалану депосының басшысы қылмыстық тергеп-тексеру аясында ұсталды, аталған жайтқа қатысты ҚТЖ өкілдері мәлімдеме жасады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Мессенджерлерде құзыретті органдардың Алматы вагон пайдалану депосының директорына қатысты жүргізіп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру туралы ақпараттың таралуына байланысты мынаны хабарлаймыз: аталған кәсіпорын басшысы 2026 жылғы 9 сәуірде қылмыстық іс аясында ұсталды. Тергеуде оның 2024-2025 жылдардағы қызметінің кезеңі қамтылады. "Қазақстан темір жолы" АҚ сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады және қолданыстағы заңнама аясында қажетті ақпарат пен материалдарды ұсына отырып, істің барлық мән-жайын анықтауда тергеуге жан-жақты жәрдем көрсетеді",  делінген мәлімдемеде.

Сот оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Сонымен қатар Алматы вагон пайдалану депосында құқықбұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында компанияның комплаенс-қызметінің басшылығымен комиссия ішкі тексеру жүргізеді. 

Тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін және құзыретті органдар процестік шешім қабылдағанға дейін компания қосымша түсініктемелер беруден бас тартты. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы вагон пайдалану депосының басшысы 110 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды.