Цифрлық активтердің нақты құқықтық мәртебесін бекітіп, криптоактивті мүлік ретінде тану керек.
Алатау цифрлық активтерді жедел дамытудың стратегиялық алаңына айналуға тиіс – Мемлекет басшысы
Фото: akorda.kz
133
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте қаланың цифрлық активтерді жедел дамыту және елдің жаңа қаржы архитектурасын құрудың стратегиялық алаңына айналу керегін айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.

Президент Қазақстан қаржы нарығы қарқынды трансформация кезеңінде тұр деп санайды. Оның айтуынша, елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы финтех индустриясын дамытуға ықпал етеді.
 
Бұл орайда Алатау әлемнің осы бөлігіндегі тұңғыш криптоқала ретінде маңызды рөл атқарады. Осы саланы дамыту үшін қысқа мерзімде артық кедергілерді жойып, жаңа қаржы құралдарын іске қосу қажет. Цифрлық активтердің нақты құқықтық мәртебесін бекітіп, криптоактивті мүлік ретінде тану керек. Бұл жүйеде цифрлық теңге негізгі рөл атқарады.
 
Халықаралық танымал орталықтармен табысты бәсекеге түсу үшін Алатау қаласында цифрлық активтер операциясына және жергілікті юрисдикцияда капиталдың өсуіне нөлдік мөлшерлеме белгіленіп, тиісті құқықтық жағдай жасалуы қажет. Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын, шикізат активтерін токенизациялау жобасын жүзеге асыруды жеделдеткен жөн. Бұл орнықты және сұранысқа ие цифрлық құралдар нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
 
Осы орайда транзакцияларды цифрлық идентификациялау және ашық мониторингтеу негізінде қауіпсіздік пен инвестициялық тартымдылық теңгерімін қамтамасыз ететін бақылау жүйесін іске қосу қажет. Яғни, тұтастай алғанда Отанымыздың түбегейлі жаңа әрі сапалы өркендеуі туралы сөз болып отыр. Біз елімізді қаржылық тұрғыдан дамыту және трансформациялау саласында белгілі бір деңгейде революция жасап жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.