Іс-шараға шамамен 30 адам қатысты.
Президенттік орталықта Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шара өтті
142
оқылды

ҚР ПІБ Президенттік орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Өнердің сиқырлы әлемі» Арт-терапиялық сессиясы аясында «Жүректен жүрекке» атты ауқымды инклюзивті іс-шара өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараны ҚР ПІБ Президенттік орталығы, Астана қаласының Мүгедек балалар қоғамы және «Менің жаңғыруым» психологиялық орталығы ұйымдастырып, оған «AMANAT» партиясының елордалық филиалы белсенді қолдау көрсетті.

Бұл кездесу ерекше қажеттіліктері бар балаларды шығармашылық, өнер және ойын әрекеттері арқылы қолдауға, әлеуметтендіруге және бейімдеуге бағытталған игі дәстүрдің жалғасы болды.

Іс-шараға шамамен 30 адам қатысты.

Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының кеңесшісі, «AMANAT» партиясы «Бірлік» аумақтық филиалының «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының төрағасы Серік Сыдықов құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде балалар мен олардың ата-аналарын шын жүректен құттықтап, сондай-ақ Президенттік орталықтың маңызды әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруға он сегіз жылға жуық уақыт бойы қолдау көрсетіп келе жатқан серіктестерге ерекше алғысын білдірді. «Президенттік орталық балаларды қолдауға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларға әрдайым ашық. Біздің міндетіміз – әр баланың өзіне деген сенімін арттырып, қамқорлық пен қолдауды сезінуіне жағдай жасау. Өйткені әр бала өзінше дарынды. Бүгінгі кездесу – балаларға қуаныш сыйлаудың тағы бір мүмкіндігі», – деп атап өтті ол.

«Арт-терапия – ерекше балалардың ішкі жан дүниесін ашуға, эмоционалдық күйзелісті жеңілдетуге көмектесетін бірегей көпір. Сонымен қатар ол ата-аналар мен балалар арасындағы нәзік байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Мереке соңында балалардың шынайы қатысуының арқасында “жүректердің жанданғанын” көру – біз үшін ең үлкен марапат», – деді өз сөзінде «Менің жаңғыруым» психологиялық орталығының жетекшісі Альвина Юсупова.

Мерекелік бағдарламаның көркін елордалық Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері ұсынған шығармашылық нөмірлер айшықтай түсті. «Сарын» вокалдық ансамблі «Бақыт» әнін әсерлі орындаса, «Жалын» ансамблі «Қор оғлы» күйін шеберлікпен орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Студент-еріктілер командасының қатысуымен «Жүрек оянғанда» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Қойылым соңында балаларды ортақ шеңберге біріктірген би мен достық құшақтарға ұласқан ауқымды интерактивті флешмоб ұйымдастырылды.

«Менің жаңғыруым» психологиялық орталығы мамандарының жетекшілігімен қолөнер бұйымдарын жасау бойынша арт-терапиялық сессия өтті. Сабақ барысында балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін толық ашып, қиялдарын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жас қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етті.