Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.
Президент: Экологиялық талаптарды бұзған компанияларға қатысты бақылауды күшейту қажет
104
оқылды

Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған арнайы құқықтық режимнің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сондай-ақ Президент қала аумағындағы экологиялық мәселелерге назар аударып, қоқыс полигондарының өртенуі мен бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленді. Аталған құқықтық режим Конституциялық заң арқылы бекітілді.

Арнайы басқару режиміне сәйкес Кеңестің, Реттеуші комиссияның және қала әкімшілігінің құзыреттері нақты белгіленді. Сондықтан қағазбастылыққа салынбай, барынша жедел және сапалы жұмыс істеу керек.

Алдымен баса назар аударатын мәселелерді қолға алу қажет. Мысалы, қоқыс полигондарынан үнемі өрт шығады, бұл мәселені шұғыл және түпкілікті шешкен жөн.

Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмысын да назарда ұстау қажет. Қалаға жақын аумақта 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі экологиялық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамайды.

Тіпті, мұндай заңсыз әрекеттер жүйелі сипат алып кеткен деп айтсақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, қызметін толық немесе уақытша тоқтатқан көптеген компания жерді қалпына келтіру жұмысымен мүлде айналыспайды.

Осы мәселені шешу – жергілікті атқарушы органның тікелей міндеті. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Президент Әкімшілігі осы жұмысқа қосылуы қажет»,  –  деді Президент.