Қазақстан атынан фестивальге Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры қатысты.
Қалибек Қуанышбаев театрының қойылымы халықаралық фестивальде үздік атанды
161
оқылды

2026 жылдың 22-29 мамыр күндері Санкт-Петербург қаласында А.А.Брянцев атындағы Мемлекеттік жас көрермендер театры ұйымдастырған XXVII Халықаралық «Молодежь.Театр.Фест.» фестивалі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлемнің жетекші театр ұжымдарын біріктірген беделді фестивальге Ресей, Армения, Беларусь, Венгрия, Египет, Иордания, Сербия, Тунис, Түркия және Өзбекстан театрлары шақырту алды. Қазақстан атынан фестивальге Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры қатысты.

Театр ұжымы ұлы драматург Уильям Шекспирдің әйгілі  Romeo & Juliet спектаклін сахналады. Әбіш Кекілбаев аударған бұл шығарма заманауи синема-эпос форматында жаңа сахналық шешіммен ұсынылды. Қоюшы режиссері  Уланбек Баялиев.

Спектакльде дәстүрлі, «музейлік» Верона бейнесі жоқ. Шекспир тілі бүгінгі күннің көркемдік тілімен қайта жаңғырып,  камералық түсірілім тәсілі, бэндтің сүйемелдеуі, динамикалық монтаж, жарық пен пластика арқылы беріледі. Негізгі идея – адам мен қоғамдағы екі күштің: өшпенділік пен нәзік махаббаттың мәңгілік қақтығысы.

Қоюшы суретші  Қанат Мақсұтов. Кейіпкерлердің киім үлгілері  JADO сән үйі мен театрдың коллаборациясы негізінде жасалды. Белгілі дизайнер Жадыра Сахиева мен театрдың жас суретшісі Ақбота Қапсалаңның бірлескен жұмысы спектакльге ерекше көркемдік мән береді. Музыкамен көркемдеген  Theatre Avenue бэнді. Бэнд жетекшісі  Олжас Дәлелхан. Хореограф  Салтанат Сұңғат. Сахна сайысын қойған  Бекзат Бағытжанов. Дыбыс режиссері  Ермахан Мұхтаров, Ұлан Ерланұлы. Саунд-дизайн  Theatre Avenue бэнді. Жарық қою бойынша суретші  Арсений Макаров, жарық қою бойынша суретшінің ассистенті  Азамат Бекбембетов. Бейнеоператор  Жанар Төлеген, Әлім Махамбетов.

Басты рөлдерді Бибарыс Орман (Ромео) және Ситора Анварова (Джульетта) сомдады. Сондай-ақ қойылымға Қазақстанның танымал театр және кино актерлері қатысты.

Қоюшы режиссер Уланбек Баялиев спектакльді кинематографиялық тәсілдермен өрілген драмалық шиеленіске толы сахналық туынды ретінде ұсынған. Режиссер Шекспир туындысын жай ғана сахналамай, шығарма өзегіндегі мәңгілік қақтығысты зерттейді. Жауласу мен өшпенділік қоғамның қалыпты күйіне айналып, ал махаббат қарсылықтың жалғыз формасына айналғанда, адам мен қоғамның қандай өзгеріске ұшырайтыны қарастырылған. Бұл интерпретациядағы Ромео мен Джульетта  хрестоматиялық трагедия кейіпкерлері емес, сезімі шынайы, жүрегі нәзік, өмірге құштар жастар.

Спектакльдің эмоционалдық әсерін музыкалық шешім одан әрі күшейтеді. Бэндтің сүйемелдеуіндегі жанды музыка форматы, ырғақтық шиеленіс пен лирикалық үзілістер арқылы Шекспир трагедиясы бүгінгі көрерменге жақындай түсіп, заманауи сипатқа ие болады.

Фестиваль қорытындысы бойынша сарапшылар спектакльді жоғары бағалап, «Үздік спектакль» атағымен марапаттады.

Қойылым көрермендер мен халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, фестивальдің ең жарқын әрі маңызды мәдени оқиғаларының біріне айналды.