Ол анасына тиесілі 18 алтын бұйымды жинап, сөмкеге салып, алаяқтарға ұстатып жіберген.
"Алаяқтардың қоқаң-лоқысынан қорыққан": Көкшетауда жас жігіт шешесін тонаған
фото: www.istockphoto.com
138
оқылды

Көкшетаудың 21 жастағы тұрғыны бірнеше сатылы алаяқтық схеманың құрбаны болған. Ол қаскүнемдердің нұсқауымен шешесінің зергерлік бұйымдарын өз қолымен апарып берген, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Тергеушілердің хабарлауынша, 29 мамырда жас жігітке ұялы байланыс компаниясының қызметкерлері ретінде  таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған. SIM картасын ауыстыру сылтауымен олар SMS-хабарламамен келген кодты айтуға көндірген. Одан кейін жәбірленушіге өзін eGov порталының қызметкері етіп таныстырған әйел хабарласқан.

Қоңырау шалушы жас жігітке қатысты алаяқтық әрекеттер жасалып жатқанын және "мүлік декларациясын" өткізу үшін үйдегі құндылықтарды, соның ішінде зергерлік бұйымдарды суретке түсіруді талап еткен. Әңгімелесушіге сеніп, қала тұрғыны барлық нұсқауларды орындап, алаяқтармен сөйлесуді жалғастырған.

Сөйтіп, алаяқтар алдаудың келесі кезеңіне өткен. Ер адамға күш органдарының жалған қызметкері қоңырау шалып, оның отбасының банктік шоттары арқылы тыйым салынған ұйымдарды қаржыландыру жүріп жатқанын мәлімдейді.

"Психологиялық қысым әдістерін қолдана отырып, алаяқ жас жігітті барлық отбасы мүшелерін 15 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікпен және бас бостандығынан айырумен қорқытқан. Қауіп-қатердің әсерінен жәбірленуші анасына тиесілі барлық алтын зергерлік бұйымдарды жинап, сөмкеге салып, алаяқтар көрсеткен үйге жақын жерде жасырған. Жалпы құны 6 120 000 теңге болатын 18 алтын бұйым қаскүнемдерге берілді. Орындалған әрекеттерді растау үшін жас жігіт алаяқтарға зергерлік бұйымдардың орналасқан жері туралы видео жіберген. Қылмыстық схема 31 мамырда жәбірленушінің анасы зергерлік бұйымдардың жоғалғанын анықтап, ұрланды деп полицияға жүгінгенде белгілі болған. Сот процесінде жігіттің мұқият жоспарланған интернет-алаяқтықтың құрбаны болғаны анықталды", - деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.