Жамбыл облысындағы құрылыс саласына қажет шыны өнімдері бұған дейін өзге өңірлерден жеткізілетін еді.
Жамбыл облысында шыңдалған шыны өндіретін тұңғыш зауыт ашылды
253
оқылды

Бүгінде бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылында шыңдалған шыны өндіретін алғашқы зауыт ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Өңір үшін маңызды өндірістік жобаны «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы аясында «JS GLASS» ЖШС жүзеге асырды.

Жаңа кәсіпорынның қызметін таныстыру мақсатында блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Олар шыны өңдеуден бастап, оның беріктігін тексеруге дейінгі толық технологиялық үдеріспен танысты.

Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрады, ал кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100 мың шаршы метрге дейін шыңдалған шыны өндіруге мүмкіндік береді. Зауыт жаңа буын технологияларымен жабдықталды. Бұл қадам халықаралық стандарттарға сай келетін сапалы әрі қауіпсіз өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Алайда жобаның негізгі құндылығы тек өндірістік көрсеткіштермен ғана шектелмейді. Ауылдық жерде ашылған зауытта 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Үлгілі ауылының тұрғындары үшін бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен тұрақты табыс табу мүмкіндігі. Ал аудан үшін – экономикалық даму бағытындағы қосымша серпін.

Кәсіпорын құрылтайшысы Жамалхан Ибрагимовтың айтуынша, зауыттың іске қосылуы облыстың сырттан жеткізілетін өнімдерге тәуелділігін едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

«Бұған дейін шыны өнімдері негізінен Алматыдан жеткізілетін еді. Енді біз Жамбыл облысының қажеттілігін өз өндірісіміз арқылы толық қамтамасыз ете аламыз және жаңа нарыққа шығуға мүмкіндігіміз бар. Бүгінде өнімдеріміз Алматы және Түркістан облыстарында сатылуда. Бұл оның жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді», – деді ол.

Дайын өнімді сынақтан өткізу барысы пресс-турға қатысушыларды ерекше қызықтырды. Оның барысында шыңдалған шыны түрлі жағдайда сыналды. Мәселен, шыныны қатты жерге ұру, үстіне адамдар тұрғызу сынды әрекеттер жасалды. Нәтижесінде, өнімнің беріктігі мен сенімділігі іс жүзінде дәлелденді.

«Шыныны күшпен жерге ұрған және оның үстіне екі адам тұрған сәттерге куә болдық. Алайда шыны сынған жоқ. Бұл сынақтар өнімнің қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетінін дәлелдейді. Осындай өндіріс орнының біздің облыста ашылып жатқаны қуантады», – деді блогер Айниль Абуали.

Зауыттың ашылуы – Жамбыл облысында өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Бүгінде өңірде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жалпы құны 150 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 900-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.